Untitled Document

Күннің тарихы... Ибн Баттута (1)

Әбу Абдаллаһ Мұхаммед Ибн Баттута (24.2.1304, Танжер қ. - 1377, Фес қ. қазіргі Марокко) – араб саяхатшысы. Оның Қырым мен Алтын Орда иеліктерінде болып, жазған мақалалары, Алтын орданың патшасы Мұхаммед Өзбек ханның сарайы туралы хабарламалары - түрік халықтарының тарихы үшін өте құнды деректер. Ол 30 жыл бойы саяхат жасаған (1323-53). Арабияда (Сауд Арабиясы түбегінде), Египетте, Иранда, Кіші Азия түбегінде, Орталық Азия мен Ауғанстанда, Үндістанда, Индонезияда, Қытайда, Суданда, Испанияда, Қырым мен Ресейде болған. Ибн Баттутаның деректерінен үзінді:

Дешті Қыпшақтағы жылқы малы

Бұл елде жылқы малы өте көп, бағасы да арзан еді. Мәселен, ең жақсы деген аттар өз ақшаларымен елу, алпыс дархам тұрады. Бұл біздің динарымызға тура келеді. Ал Мысыр базарларындағы «акадиш» деп аталатын аттар осы мемлекеттен (қыпшақтардан) барады. Қысқасы, бұл елдегі түркі халықтарының тіршілігі тек осы жылқы малымен байланысты десек, артық айтқандық болмайды. Біздің елімізде қой малы қанша көп болса, бұл елде жылқы малы сондай көп екен. Бәлкім, мұндағы жылқы малы біздегі қой малынан да көбірек сияқты әрі пайдалы сияқты. Әрбір түркінің мыңға тарта жылқысы болады екен. Бұл елде жылқы малын өсіру түркілердің негізгі кәсіптерінің бірі саналады. Түркілердің әйелдері отыратын арбаларына бір кездей ұзын шыбықтың ұшына бір қарыс шүберек байлап, оны арбаның бір шетіне қадап қояды екен. Мұндай шүберек байланған шыбықтардың әрбіреуі бір мың бас жылқының белгісі екен. Мен сондай шүберек байланған шыбықтардан бір арбада оннан артық шыбық қадалғанын көрдім.