Әдеп-ахлақ... Ашкөздік
Ашкөздік дүниелік ләззаттарды харам жолдармен табу деген сөз. Жаман мінездердің, көңіл ауруының бірі. Ашкөздікке тамаһ, яғни тойымсыздық, көбін қалап асыра сілтеу деп те айтылады. Ислам ғалымдары ашкөздіктің емі ретінде үш негіз айтқан. Бұлар – сабыр, білім және амал. Бұлардың өзін бес бөлікке жіктеген:
1) Амал – күнкөрісте үнемді болу және нафақа тұтынуда орта халде болу. Хадис шәрифте: «Алдын ала қамдану күнкөрістің жартысы» сондай-ақ «Үнемдеген адам қиындық тартпайды» делінген.
2) Бүгінгі ризығына қауышқан адамның ертеңгі ризығына қауышатынына сену. Худ сүресінде: «Жер жүзіндегі бүкіл махлұқтардың ризығын беру Аллаһқа тән» делінген және хадис шәрифте: «Нафақаң үшін қамықпа! Өйткені сен үшін ажыратылған ризық сені табады» делінген.
3) Қанағат етудің үстемдігін, ал ашкөздік етудің төмендігін білу. Хадис шәрифте: «Мүминнің абыройы адамдарға қол жаймауында (адамдардан бірдеңе күтпеуінде)» делінген.
4) Пайғамбарлардың және олардың мұрагері болған ғұлама, әулиелердің өмірлерін ойлау, көз алдына келтіру және мол дүние-мүлік беріліп азғындаған кәпірлерді ойлау және кімді үлгі тұту керектігін жақсылап ұғыну керек.
5) Мал-мүлік, байлық иемденудің қауіпті тұстарын жақсылап ұғыну. Байлықтың адамды аздыруы мүмкін екендігін, дүниелікпен әуре ететіндігін, махшар күні жаннатқа кеш кіруге себеп болатындығын естен шығармау керек.
Сәйид Әмир Хамза хазреттері: «Көздерің адамдардың қолындағы дүниелікте болмасын. Аллаһу та’аланың бергеніне қанағат етіңдер. Өйткені ашкөздік ететіндер үнемі қиыншылық шегіп, ренжулі, қайғылы жүреді. Ал қанағат ететіндер әрдайым жақсы көңіл күйде жүреді» деген.