Тарих... Отырар кітапханасы
Ежелгі Отырар қаласы Сырдарияның Арыс өзеніне құяр жерінде, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Айналасы – ат шаптырым терең ор, биік қорған. Төбе басында хан сарайы, жан-жағында тас, болат тамдар және қару-жарақ, теңге соғатын ұстаханалары, шәкірттер дәріс алатын бірнеше медресе (мұсылман университеті) болған. Әр жақтан әкелген кітаптар Отырар қаласының үлкен кітапханасына жиналған. Бұл кітапхана заманында түкпір-түкпірден жиналған сирек кездесетін кітаптармен аты шыққан.
Отырарда жұлдыз санаған сәуегейлер, ойшылдар, ғалымдар өмір сүрген. Отырар медресесін бітірген шәкірттерден қалған қағазға, сақтиянға (теріден жасалған кітап), қамысқа жазылған қолжазбалар Қазақстанның әр жерінен табылып жатыр. Бабаларымыз өздерінің тарихын, келер ұрпаққа арнаған сөзін қышқа, тасқа ойып қалдырған. Сүйекке, ыдысқа, теріге сіңіріп келтірген сөз, сөйлемдер қаншама.
Бабаларымыз ерте кезде Тараз қаласының маңында терісінен қағаз жасау үшін кілең ақ ешкілер өсіріпті. Тараз ешкісінің терісіне түскен әріптер өшпеген. Олар жүздеген жылдар бойы сақталған.
Аңыз бойынша әлемге аты шыққан кітапхананы Шыңғысхан әскерлері өртеп кеткен. Алайда біраз кітапты қала қорғаушылары құмыраға салып, жер астына тығып, сақтап қалған деседі. Елімізде қолжазба ескерткіштерін іздеу жұмыстары жүргізілуде. Астанада «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы ашылып, табылған жазба деректер жинақталуда.