Ғибрат... Ғапылдар дұға ете алмайды
Мәулана Жәлаләддин Руми хазреттерінің «Мәснәуи» атты кітабынан үзінді:
Бір кісі күнде түннің ортасында оянып намаз оқып, Аллаһу та’алаға дұға етіп жүреді. Осындай түндердің бірінде шайтан келіп оған уәсуәса (жаман ой) береді: «Ей, ақымақ, әр түні “Аллаһ” деп зікір етудің не керегі бар? Ұйқыңды бөліп, дұға етесің де тұрасың, ал бүкіл есіктер жабулы күйінде. Сенен "Не қалайсың?" деп сұрады ма? Осы күнге дейін қандай да бір есік ашылды ма? Кел демесе, адам деген шақырмаған жерге бара ма? Аллаһ сенің жалынып, жалбарыныуыңа мән бергенде тілек-дұғаларыңды қабыл етер еді. Бір жауап берер еді. Сен босқа әуреге салынудасың...»,- дейді. Бұл ойды құп көрген адам, дұға етпестен, зікір етпестен мұңайған күйде қайтадан төсегіне жата кетеді. Түсінде: «Неге бүгін Аллаһты зікір етпестен ұйықтадың?» - деген дауыс естиді. Ол: «Жалынып, жалбарынып жасаған дұғаларыма жауап келмеді ғой. Есіктен қуылғанымды түсінгендіктен есікті қағуды тоқтаттым»,- дейді. Сонда: «Сенің Аллаһ деуің, Оның қабыл еткендігінен болатын. Сенің жалбарынуың Аллаһтың сенің рухыңа естіртуінен. Сенің құлшылыққа талпыныстарың Аллаһтың сені Өзіне тартуынан. Сенің қорқуың, махаббатың, үмітің Аллаһтың мейірімі арқылы. Сенің "Йа, Раббым!" деуіңнің артында Аллаһтың "Айт құлым" деуі бар. Ал ғапылдың, наданның көңілі мұндай дұғадан ұзақ. Ғапылдар дұға ете алмайды. Өйткені "Йа, Раббым!" деуге тілі келмейді. Оның тілінде құлып бар. Дерт ішінде болса да, жылап, жалбарына алмайды. Аллаһ оларға дерт, қиыншылық та бермейді. Берсе де ол адам "дәрігер" дейтін болады, "Аллаһ" дей алмайды. Енді Аллаһқа дұға етуіңді, Оны шақыруды қамтамасыз ететін дерт, дүниелік салтанаттан артық екенін ұғын! Дертсіз дұға салқын, ал дерт кезінде жасалған дұға жүректен жарып шығатындықтан қабыл болады...» Әлгі адам түсінен оянғаннан кейін қайтадан дұға ете бастайды, әрі мұрат-мақсатына қауышады.