Untitled Document

Сұхбат... Халал напақа табу - әр мұсылманға парыз

Барлық жанды азыққа мұқтаж. Ішпей-жемей өмір сүру мүмкін емес. Бірақ аузымызға кірген әр азыққа мұқият болуымыз керек. Халал азық іздеу, өзінің және асырауға міндетті болғандарының ризықтарын табу – ғибадат. Хадис шәрифте: «Халал напақа іздеу - әр мұсылманға парыз» делінген. Ал басқа хадис шәрифте: «Сондай күнәлар бар, оларды тек бала-шағаның ризығын халалдан табу жолында көрген қиыншылықтар ғана кешіргізеді» делінген.

Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) айтқан: «Жұмыс істеңдер, ешкімге мұқтаж болмай өмір сүріңдер. Жұмыс істемей отырып алып: "Йа, Раббым, маған ризық бер" - деп ешкім дұға етпесін! Өздерің де білесіңдер, аспаннан алтын да, күміс те жаумайды...»

Сүйікті пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларымен бірге отырғанында, бір жас жігітті көріп қалады, ол таңертең ерте уақытта жылдам жүріспен базарға бара жатқан еді. Сонда кейбірлері: «Бұл жас жігіт жастық шағын Аллаһ үшін жұмсағанда жақсырақ болмас па еді?» - десті. Мұны естіген пайғамбарымыз алейһиссалам: «Олай айтпаңдар, оның бұл талпынысының өзі ғибадат және Аллаһ үшін саналады»,- деді.

Хазреті Омар бір адамды әрдайым мешітте көреді, бұл оның назарын тартып, қасына барып сұрайды: «Сенің күнкөрісіңді кім қамтамасыз етеді, қажеттіліктеріңді қайдан аласың?» Бұл сұраққа әлгі адам: «Біз екі ағайындымыз, мен мешітте ғибадат жасаймын, ал бауырым жұмыс істеп ақша табады, бір үйде тұрамыз»,- деп жауаптайды. Сонда хазреті Омар оған «Онда бауырыңның тапқан сауабы сеніңкінен көбірек екен»,- дейді.