Дұғалар... Истиғфар дұғасы
Истиғфар – күнәның кешірімін тілеу, әстағфируллаһ деп айту деген сөз. Әстағфируллаһ – "күнәмды кешіре гөр Аллаһым" дегенді білдіреді.
Күнәлардан және дерт-қиыншылықтардан құтылу үшін әрқашан және әркез, намаздан кейін, жатар кезде мағынасын ойлап көп-көптен «Әстағфируллаһ мин кулли ма кәрихаллаһ» деп айту керек. (Мағынасы: Аллаһым, Сен разы болмаған нәрселерден істегендерімді, яғни күнәларымды кешіре гөр және әлі істемегендірімді істеуден сақта.)
Хадис шәрифте былай делінген:
«Истиғфар айтуды әдет еткен, көп оқитын адамды Аллаһу та’ала дерттерден, қиыншылықтардан құтқарады. Оны ойламаған жерден ризықтарға қауыштырады» (Бәйһақи)
«Қиямет күні амал дәптерінде көп истиғфар болған адамға сүйінші болсын!» (Бәйһақи)
«Дүние-мүлкім көп, бірақ балам жоқ. Не істесем болады?» деп сұраған адамға бір сахаба истиғфар айтып жүруіне кеңес берді. Ол күніне 700 рет истиғфар айтуды әдетке айналдырды. Соңында он баласы болды. Адамдар хазреті Хасан Басриге жұттан, кедейліктен, бала болмауынан шағымданатын еді. Барлығына “истиғфар айтыңдар” деді. Себебін сұрағандарға Құран кәрімнің Нұх сүресінен мына үш аятты оқыды: «Көктен мол жаңбыр жаудыруы үшін, сендерге дүние-мүлік және бала-шаға беріп жәрдем етуі үшін, сендер үшін бақтар мен өзендер беруі үшін өте кешірімді болған Раббыларыңа истиғфар етіңдер.» (Нұх 10-12)
Қорыта айтқанда күнәлардан, дерт-сырқаттан, қиыншылықтардан құтылу үшін, дұғалардың қабыл болуы үшін әрқашан, әр жерде мағынасын ойлап көп-көптен «Әстағфируллаһ мин кулли ма кәрихаллаһ» немесе қысқаша «Әстағфируллаһ» деп айтып жүру керек.