Untitled Document

Күннің тарихы... Хазреті Әлидің қайтыс болуы

Хазреті Әли пайғамбарымыздың әкесінің ағасы - Әбу Тәлибтің баласы еді. Ислам халифаларының және жаннатпен сүйіншіленген 10 адамның төртіншісі. Хижрадан 23 жыл бұрын Меккеде туылды. 10 жасында иман етті. Бүкіл соғыстарда қаһармандық танытты. Тек Ухуд соғысында 16 жерінен жарақат алды. Хижри 35 жылы Зүлхиджа айында халифа болды. 40 жылы Рамазан айының 17-сі жұма күні таң намазына бара жатып, Абдуррахман Ибн Мулжам атты харижит сектасының өкілі тарапынан кеудесіне қылыш ұрып шәһит етілді. (24 қаңтар 661) Қабірі Куфада Наджаф деген жерде. Пайғамбарымыздың күйеу баласы. Әһли бәйттің біріншісі. Жүзі бидай өңді, ұзын мойынды, жарқын шырайлы, ірі және қара көзді, жалпақ кеуделі, ірі денелі еді. Сақалы қалың еді. Соңғы күндерінде шашы мен сақалы мақтадай ағарған болатын. Хазреті Әлидің даналық сөздері:

• Маған бір әріп үйреткеннің 40 жыл құлы болайын.

• Мұсылмандардың ең қайырлысы (жақсысы) – мұсылмандарға көмектесетін және пайдалы болатындар.

• Жақсылықты түсінбейтін біреу болса да сен оған жақсылық жаса!  Өйткені, оның сауабы саған рахмет айтылған жақсылыққа қарағанда мизан-таразда ауыр басады.

• Дүние өмірі ешкімге мәңгі, бақи емес. Оның қиыншылығы мен нығметі де өткінші.

• Екі нәрсе ақыл мен сананың саулығын бұзады. Олар – асығу мен болмашы нәрсені қалау.

• Ақыл сияқты байлық, жақсы мінез сияқты дос, әдеп сияқты мирас, ғылым сияқты абырой болмайды.

• Ақылдаспай жасалған іс өрге баспайды.

• Жалқаулық адам өмірін тоздырады.

• Жетімді жылату – зұлымдық.