Сұхбат... Бірлік пен ынтымақтың маңызы
Хадис шәрифте: «Бірігуде, бірлік пен ынтымақта мейірім бар, ал бөлінуде Аллаһтың азабы бар» делінген. (Бәйһақи)
Қоғамда бірлік пен ынтымақ көбейген сайын мейірім де арта береді. Бір хадис шәрифте: «Екі кісі бір кісіден, ал үш кісі екі кісіден қайырлы. Олай болса, бірге болыңдар!» делінген. (И.Асакир)
Қандай мәселе болса да, ұжыммен бірлік пен ынтымақта әрекет етуде көп пайда бар. Мысалы, тіпті бірге қосылып тамақтануда да мейірім бар. Бір хадис шәрифте: «Тамақты қосылып бірге жеңдер, берекет қосылуда» делінген. (Ибн Мажа)
«Кім екеніміз емес, кіммен бірге екеніміз маңызды» делінген. Яғни өзіміз өте нашар адам болсақ та, жақсылардың арасына қосылуымыз керек. Бізге келетін бәле-жаладан олардың арасында болсақ құтыламыз. Тіпті ахиретте жәннатқа жақсылар бара жатқанда біз де олардың арасында жүрген болсақ, бізді ажыратып шығармайды. Асхаби кәһфтің иті салихтардың, жақсылардың артынан кеткендіктен, оларды жақсы көріп тастамағандықтан, Аллаһу та'ала оны, жануар болса да, салихтармен бірге жәннатқа кіргізетінін айтты. Демек, жақсылармен бірге болғандар, жануар болса да, құтылады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Аллаһ бір жамағатқа мейірімін түсірсе, араларындағы жаманын кешірмей қоюға ұялады.» (Әбушшайх)
«Шайтан - адамның қасқыры. Отардан бөлінген қойға қасқыр қалай шабуылдайтын болса, шайтан да жамағаттан бөлінген адамға солай шабуылдайды. Абай болыңдар, жамағаттан бөлінбеңдер!» (Тирмизи)