Untitled Document

Бала тәрбиесі... Баталы сөз

Бала тәрбиесінде де ауыздан шыққан сөздерге мұқият болу керек. Кейбіреулер баласын ұрысқанда «Топас», «Мисыз», «Өй, тұқымың құрығыр», «Бұл адам болмайды» деген сияқты ауыр сөздер айтады. Бұл өте дұрыс емес. Өйткені дінімізде ашуланып тұрғанда немесе қуанып тұрған кездегі дұға немесе бетдұға (қарғыс) тезірек қабыл болады делінген.

Хадис шәрифте былай делінеді: «Әке-шешенің баласына және зұлымдық көрген адамның залымға жасаған бетдұғасы (қарғысы) қайтарылмайды (яғни қабыл болады)». (Тирмизи)

«Өздеріңе, бала-шағаларыңа және мал-мүліктеріңе бетдұға етпеңдер! Дұғалардың қабыл болатын уақытқа тура келіп бетдұғаларың қабыл болады». (Мүслим)

Хазреті Ибн Мүбәрәк баласының мінезінен шағымданып келген адамға «Балаңа бетдұға еттің бе?» - деп сұрайды. «Иә» деп жауап бергенінде «Онда балаңның мінезін сен бұздың!» - дейді.

Сондықтан данышпан ата-әжелеріміз жазғыратын кезде «Өй, Тұқымың көбейгір», «Өсіп-өнгір», «Намысың молайғыр», «Мың болғыр» деген сияқты сөздер айтқан. Ұрысқан кездің өзінде баталы сөздер қолданған. Мұндай сөздер қабыл болса, нұр үстіне нұр болмақ. «Жақсы сөз - жарым ырыс» деп бекер айтылмаса керек.