Untitled Document

Сұхбат... Мұсылманның сипаттары

Кәміл мұсылман – Аллаһу та’аланың әмірлеріне мойынсұнады, күнә істемейді және мемлекеттің заңдарына мойынсұнады, қылмыс істемейді. Мұсылман – жақсы адам деген сөз. Отанын, байрағын жақсы көреді. Адамдарға жақсылық жасайды. Ешкімге де, (кәпірге де) жамандық, қулық жасамайды, аманатқа қиянат етпейді. Ешкіммен сөз таластырып, тартыспайды. Көркем мінезді, жылы жүзді, жылы сөзді болады. Еңбекқор болады. Дін білімдерін және жаратылыстану (дүниелік) білімдерді жетік меңгереді. Балаларына, жақындарына үйретеді. Напақасын адал жолмен табады. Ешкімнің ала жібін аттамайды, ешкімнің ақысын жемейді. Осындай сипаттағы мұсылманды Аллаһу та’ала да жақсы көреді, адамдар да жақсы көреді.

Ғибрат... Тіл

Дауд алейхиссалам хазреті Лұқманға: «Бір қойды сойып, денесіндегі ең жақсы екі ет бөлшегін алып кел!»-дейді. Хазреті Лұқман тілі мен жүрегін алып келеді. Кейін Дауд алейхиссалам: «Енді ең жаман екі бөлшегін алып кел»-дейді. Хазреті Лұқман тағы да тілі мен жүрегін алып келеді. Дауд алейхиссалам бұның себебін сұрағанында: «Тіл мен жүрек жақсы болса, бүкіл дене жақсы болады. Егер бұл екі бөлшек жаман болса, дене жамандардың ең жаманы болады»,- деп, адамның жақсылығы мен жамандығы тілі мен жүрегіне (көңіліне) байланысты екендігіне ишара еткен.