Денсаулық... Смартфондардың көзге зияны (1)
АҚШ-тың Канадамен шекарасындағы Толедо университетінің зерттеушілері планшеттер мен смартфондардың көк түсті жарығы біздің көзіміздің жасушаларына теріс әсер ететінін анықтады. Бұл көрудің нашарлауына кейде тіпті көру қабілетінің жоғалуына да әкеп соғады. Әрине, бұл мәселе тек смартфондарға ғана қатысты емес, теледидар, компьютер т.б. гаджеттерге де қатысты. Дегенмен дәл осы смартфон біздің өміріміздің ажырамас бөлігі болып барады, себебі біз одан жолда да, төсекте де, тіпті кейбіріміз дәретханада да ажырамаймыз.
Смартфондардағы көк түсті жарық көз торының молекулаларында, яғни жарыққа сезімтал және миға сигнал жіберетін фоторецепторларда улы реакция тудырады. "Макула" немесе сары дақ деп аталатын тор қабатының бір бөлігі біздің көзімізге түсетін жарықтың 80%-дан астамын өзінен өткізеді. Көбіне қауіп дәл осы макулаға төнеді. Көк түстің толқын ұзындығы тым қысқа болғандықтан, ол энергияны көбірек таратады, бұл өз кезегінде сезімтал рецепторларға тиісінше күшті әсер етеді. Дисплеймен және көк түсті жарықпен тұрақты және ұзақ байланыста болу "сары дақта" улы молекулаларды дамытады, сондай-ақ, оның жұмысының бұзылуына әкеп соғып, салдарынан көру қабілеті нашарлап, тіпті соқырлыққа дейін әкелетін — макулодистрофия ауруын тудырады. Ал торлы қабықтағы бұзылған молекулалар қалпына келтірілмейді. Сондықтан соңғы жылдары смартфондар мен планшеттердің көпшілігі дисплейдің мүмкіндіктеріне жаңа функция — көк жарық сүзгісін енгізді. Ол қараңғы уақытта зиянды жарықтың мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді, бірақ дисплейлерден көк түсті жарықты мүлдем алып тастауға болмайды. (Жалғасы ертең...)