Untitled Document

Ғылым... Сүйектерден құралған денеміз

Денемізде жалпы 206 дана сүйек бар. Мұншалық көп болуының да маңызы жоғары. Мысалы, саусақтарымызды ойлап көрейік. Егер әр саусағымыз бір ғана сүйектен тұрғанда, ештеңені ұстай алмас едік. Өйткені түп-түзу, бір ғана сүйектен тұратын саусақты бүгу мүмкін болмас еді. Күнделікті өмірімізде заттарды қиналмай, еркін ұстай алуымыздың бірден-бір себепшісі, қолымызда саусақтармен қоса есептегенде бір-біріне байланысты 27 дана сүйектің бар болуы. 

Денеміздегі сүйектердің барлығы өз орындарына жоспармен орналастырылған. Бұл мінсіз жоспардың арқасында алға қарай иіле аламыз, тіземізді бүгіп, басымызды жан-жаққа бұра аламыз. Бірақ осының барлығын тек сүйектерді ғана қолдану арқылы жасауымыз мүмкін емес. Өйткені сүйектер иіліп, бүгіле алмайды. Бұл әрекеттердің атқарылуын қамтамасыз ету үшін сүйектердің бір-біріне жалғанған жерлерінде буындар болады. Сол буындардың арқасында емін-еркін қолдарымызды бүгеміз, аяқтарымызды көтереміз, саусақтарымызды қолданамыз. Буындардың сыртқы қабаты жұқа және тесік-тесік болады. Ал ішкі жағында тайғақ бір сұйықтық бар. Сүйек, буынның бір жеріне қысым түсіретін болса, бұл сұйықтық  тесіктерден сыртқа ытқып шығып, буынның үстіңгі жағының май сияқты сырғуын қамтамасыз етеді.

Сүйектердің ішкі құрылымы тор іспеттес келеді. Сүйектердің төзімділігін арттыратын бұл тор сияқты құрылым, күнімізде құрылыс жұмыстарында да ғимараттардың төзімді болуы үшін қолданылады. Мысалы, Эйфель мұнарасы сүйектердің ішкі құрылысына ұқсатылып салынған. Сүйектерімізге денені тасымалдау, қорғау сияқты маңызды міндеттер жүктелген. Сондықтан қиын жұмыстарды орындай алатындай қуатты етіп жаратылған. Сүйектер жеңіл болады. Өйткені іші қуысты, кеуекті келеді. Іші кеуекті және жеңіл болғанымен, өте мықты, төзімді болады. Мысалы, санымыздағы сүйек тік тұрған кезде, 1 тонна салмақты көтере алатындай орасан зор қуатқа ие. Жүрген кезде басқан әрбір қадамда бұл сүйекке дене салмағымыздан 3 есе артық салмақ түседі. Бірақ сүйектеріміздің беріктігінің арқасында бізге ешнәрсе білінбейді. Осылардың барлығы адам денесінің керемет жаратылыс екенін көрсетуде.