Ғибрат... Имам Шараниден ғибрат
Мысырлық Ислам ғалымы, әулие Абдулуаххаб Шарани хазреттері бір уағызында былай дейді:
Бір күні ауылымызға бір алапес ауруына шалдыққан кісі келді. Үсті-басы жара болатын. Ешкім қасына да жоламай, оны көрген адам айналып қаша жөнеледі. Атам ол кісіні қолынан жетектеп, үйге әкеліп қонақ қылды. Екеуі бірге отырып тамақтанды. Тамақтанып болған соң қолына азық-түлік пен аздаған ақша ұстатып шығарып салды. Әлгі кісінің қуанышында шек жоқ еді. Алғысын айтып, ұзақ дұға етті. Ол кісі кетуімен әкем атамның жанына барып: «Әкешім, әлгі кісіге соншалық ілтипат көрсеттіңіз. Алапес деген жұқпалы ауру ғой. Мына әрекетіңіздің хикметін түсіне алмадым»,- дейді. Атам әкеме былай деп жауап берді: «Балам, біреуді ренжітудің ауыртпалығы алапес болудан да жаман. Бұл дертті адамды көргендер одан безді. Біреулер қорқып қашса, біреулер жиіркеніп қашты. Адамдардың мұндай мәмілесі оның жүрегіне үлкен жара салды. Ешкім өздігінен алапес болғысы келмейді әрине. Бірақ Хақ та’аланың майдайына жазғаны осы болды. Ауруға шалдыққан бұл адам мұсылман бауырымыз. Жағдайы мүшкіл, көңілі жабырқаулы болатын. Оны сәл де болса қуанту үшін осылай жасадым. Аллаһу та’аланың разылығы үшін жасалған істің соңында қиыншылық болмайды. Иншааллаһ біз де қиыншылық тартпаспыз» деді. Әлбетте қиыншылық көрмеді.