Сұхбат... Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу
Аллаһу та’аланың бұйрықтарын орындау және тыйым салған нәрселерінен арыну қаншалықты маңызды болса, адамдардың ақыларын жемеу және олармен жақсы қарым-қатынаста болу да соншалықты маңызды. Хадис шәрифте: «Ислам діні - Аллаһу та’аланың әмірлерін үстем тұту және оның жаратқан махлұқтарына мейірімді болу» делінген. Пайғамбарымыздан жақсы мінездің қандай болатыны сұралғанда: «Саған бермеген адамға беруің, саған келмеген адамға баруың, саған зұлымдық жасаған адамды кешіруің» деп жауап берген. Ислам ғұламаларынан болған Мұхаммед бин Ханафийа: «Адамдармен жақсы мәміледе болмаған адам ақылды емес» деген. Сүйікті пайғамбарымыз: «Қандай да бір мұсылманға құрмет көрсеткен адам Аллаһу та'лаға құрмет көрсеткен болады» деген. Хасан Басри хазреттері былай дейді: «Кездескен адамның жасы сенен үлкен болса, “Бұл кісі менен үлкен болғаны үшін дінге көп қызмет еткен” деп ойла. Егер жасы сенен кіші болса, “Бұл әлі жас, мен одан көп күнә істегенмін, демек ол менен жақсы” деп ойлауың керек». Расулуллаһ алейһиссалам тағы: «Сендердің иман жағынан кәміл болғандарың мінезі жақсы болып, адамдарға жақсылық жасағандарың»,- деп тіпті иманның кемелдігін де мінезбен және адамдарға пайдалы болумен теңеген. Мұсылман көркем мінезді және мейірімді болуы керек. Мұсылман адамдарға жақсылық жасайтын, қандай да бір мәселемен келгендерді тыңдайтын, қолынан келгенше оларға көмек беретін және ешкімді ренжітпейтін адам деген сөз.