Әңгіме... Теке сойған құдық
Теке сойған құдық Баяғыда екі жігіт құдық қазумен өздерінің нәпақасын тауып жүреді екен. Бірде айдалада сауап үшін, жалпы елдің ризашылығын алуға әрі дін мұсылманда мұндай жұмыс, ақыретте де жақсы игі болып саналатындықтан екеуі құдық қазыпты. Бұларды көрген бір бай, күнде көп малын жайып, әңгімелесіп келіп-кетіп тұрады екен. Күндердің бір күнінде екі кедей жігіт: «Байеке, осы құдыққа сіздің атыңызды қосақ, біткен күні бізге бір қой сойып, сорпа-су ішсек», – деген ойын айтады. Құдық өз атымен аталатын сөзді естіген байдың жүрегі жарылардай қуанып, айналасындағы ел-жұртқа жар салып, біткен күні екеуін қой сойып шақыратынына уәде беріпті. Құдықтың жұмысы бітеді. Олар келер күні бай «осы сіңірі шыққан кедей жігіттерге қой емес, теке сойсам да жетер, ақыры құдық менің атыммен аталады әрі айналамдағы ел-жұрт хабадар» деген арам пиғылы бұзылып өзгереді. Екі жігіт ет жеп, сорпа, су ішіп, байға рақмет айтып, дастарқанға бата беріп кетеді. Екі жігіт жол-жөнекей құдықтың жайын сұраған елге: «байдың пейілі тарылды, қой соймай, теке сойды, өз сөзінен өзі тайып уәдеден айныды, – деп жауап береді. Содан бері естіген ел-жұрт құдықты байдың атымен атамай, «Теке сойған құдық» болып аталып кетіпті. Қазір ел ішінде мал іздеген, өріске жол, жөн сұрағандарға бағыт-бағдар бергенде «Теке сойған құдықтың…» деген сөзді тіркестіріп қосып айтады екен.