Тарихи тұлға... Қабанбай батыр
Қабанбай батыр – Абылай тұсындағы қазақтың бас батыры, даңқты қолбасшы. Шын есімі – Ерасыл. 1692 жылы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы Барлық тауының баурайында дүниеге келген. Қазақтардың күш біріктіріп, жоңғар әскеріне соққы берген Аягөз (1717 жыл), Бұланты (1726 ж), Аңырақай (1730 ж) секілді ұрыстарда қолбасшылық жасады.
Ерасыл жеті жасында әкесінен, он жасында ағасынан айырылғаннан кейін әпкесінің үйін паналайды. Бірде аңға шығып, өзіне қарсы ұмтылған қабандардың барлығын жайратып салады. Осы оқиғадан соң Ерасыл ауыл арасында «Қабан батыр» деп аталып кетті.
Қабанбай батыр соғыс өнерін жетік меңгеріп, сол заманның озық әскери тактикаларын ұтымды пайдаланып отырған. Жаудың санын, ауа райын бағамдай отырып түрлі айла-тәсілдерді қолданған. Мәселен, жау қарасы аз болса «Айқорланды» тәсілі арқылы ұрыс салған. Яғни, жауды айналдыра қоршап, әр бүйірден кезекпен қысып отырған.
Келесі әскери тактика «Құйрық жеу» деп аталады. Бұл тәсіл бойынша жау қосыны діттеген жеріне таяғанша ешқандай соққы бермей, жау әскерінің артынан жүріп отырады. Осылайша, қарсыластың артқы шебіне шабуыл жасап, екі бүйірінен тиеді. Жаудың негізгі күші алдыңғы шепте орналасқандықтан жеңіске жету оңайырақ болады.
Қолбасшының майдан барысында қолданған тағы бір айла-тәсілі «Үлкәр жәрік». Мұның мәнісі: қарсылас шебіне жүз адам шабуыл жасайды. Ол соғысын бітіріп, ілгері өтіп, қайта майданнан шығып кетеді. Оның артынан шауып екінші жүз, оның артынан үшінші, төртінші келе береді. Осылай мың адам он рет бірінен соң бірі ұрысқа кіре береді, жау қанша мықты болса да, бұл тәсілге шыдай алмайды.