Денсаулық... Долана
Долана – бұл ашық қызыл ұсақ жидектері (қара немесе қызғылт, сары жидектері) бар шағын тікенді бұта. Жемістері тамыз-қыркүйек айларында піседі, көлемі 0,5-тен 4 сантиметрге дейін жетеді. Долана – Қазақстанның таулы аймақтарында жиі кездеседі. Долананың шаң мен газға төзімділігін және ауа тазартатын қасиетін ескере отырып, оны қала көшелеріне молынан егеді. Пайдалы қасиеттері оның жидектерінің құрамындағы заттармен байланысты:
- Каротин және А дәрумені (каротин және А дәрумені иммунитетті нығайтады, ағзаны бос радикалдардың негативті әсерінен қорғайды);
- Сапонин (сапониндер бездердің секрецияларын арттырады, бұл қақырықты сұйылтуға көмектеседі, яғни олар қақырықты шығаратын әсерге ие, бұдан бөлек сапониндер диуритикалық, седативті және жеңіл іш жүргізетін қасиетке ие);
- Фитостерин (фитостерин физикалық күштемелер кезінде антиоксидант рөлін атқарады, сонымен бірге ол бұлшықет массасын өсіруге көмектесетін табиғи стероид болып саналады, бұдан бөлек фитостерин қандағы холестерин деңгейін азайта алады);
- Холин (холин немесе В4 дәруменіең алдымен жүйке жүйесінің қалыпты қызметі үшін қажет,бұдан бөлек ол ағзадағы май алмасуын қалыптандырады және қандағы «зиянды» холестирин деңгейін азайтады);
- Тиамин (тиамин немесе В1 дәрумені иммунитетті нығайтады, қан-тамыр жүйесінің, сонымен қатар асқазан-ішек жолдарының жұмысын жақсартуға әсер етеді, бұдан бөлек тиамин адамның жүйке жүйесінің жағдайын қалыптандырады);
- С дәрумені немесе аскорбин қышқылы (бұл дәрумен иммунитетті өте жақсы нығайтады, шаршағанды басады);
- Рутин немесе Р дәрумені (рутин иммунитетті нығайтады, артериалды қан қысымын қалыптандырады, сонымен қатар қан-тамыр жүйесінің қызметін қалыптандырады).