Untitled Document

Сұхбат... Үй таңдама, көрші таңда!

Дініміз көрші ақысына аса мән берген. Әр мұсылманның жақсы мінезді, салих көршілер арасында үй іздеуі керек. Ата-бабамыз «Үй таңдама, көрші таңда!» деген. Әрине көрші үйден де маңыздырақ. Адамның көршісі жаман болса, ең жақсы үйде тұрса да, бақытты тұра алмайды.

Пайғамбарымыз хадис шәрифте: «Үй сатып алудан бұрын көршілердің қандай екенін сұрастырыңдар деген. Басқа бір хадис шәрифінде: «Көршіні құрметтеу ата-ананы құрметтеу сияқты маңызды» деді.

Көршіні құрметтеу дегеніміз – онымен жақсы қарым-қатынаста болу деген сөз. Оның аш екенін біліп, өзі тоқ жатпауы керек. Аллаһу та'аланың берген ризықтарын оған да беру қажет. Оны ренжітетін сөз бен іс-әрекеттен  тыйылған жөн.

Мұсылман болмаған көршімен де жақсы қарым-қатынаста болу керек. Қолдан келгенше сыйлықтар беріп тұрған жақсы. Көріскен кезде хал-жағдай сұрасып тұрған жөн. «Адам жақсылықтың құлы» деген сөз бар. Мұсылман көршісінен осындай жақсылық көрген адамның иманға келуінің ықтималы көп. Мұсылман болмаған көршінің көршісінің мойнында бір ақысы, мұсылман болса екі ақысы, туысқан болса үш ақысы бар.

 Ауырып қалған көршінің көңілін сұрап бару, оған көмектесу керек. Оған дұға етіп, оның да дұғасын алуға тырысу қажет. Көршісі сапарға кеткенде оның жанұясын, бала-шағасын ұрылардың, тәрбиесіздердің зиянынан қорғау керек.

Кезкелген адамға істеуі харам болған жамандық, зиян көршіге жасалса, күнәсі еселеніп көбейеді. Кезкелген адамға жасалуы сауап болған жақсылық көршіге жасалса, сауабы еселеніп артады.