Untitled Document

Сұхбат... Күнәлардан аулақ жүру керек

Күнәлар кәбаир (үлкен күнәлар) және сағаир (кіші күнәлар) болып екіге бөлінеді. Кейбір жағдайларда кіші күнәлар үлкен саналады. Бұған мән бермеу өте қауіпті. Олардың біразы төменде жазылған:

* Кіші болса да, күнә істеуді доғармау, тұрақты істеп жүру. «Тама, тама көл болады» деген даналық сөз бар. Қайта істелмеген үлкен күнәнің кешірілуі тұрақты түрде істеліп жүрген кіші күнәнің кешірілуінен тезірек. Тастың үстіне көп мөлшерде су төгілсе, тасқа ешқандай із қалдырмай ағып кетеді. Дәл сол мөлшердегі суды тамшылатып ағызса, таста із қалады.

* Күнәні кішімсіну. Адамдар күнәні үлкен деп көрсе, Аллаһу та'ала оны кішірейтеді. Ал кіші деп көрген сайын оны үлкейтеді.

Хадис шәрифте: «Мүмин күнәсін басының үстінде асылып тұрған таудай көреді және үстіне құлап кетуінен қорқады. Ал мұнафиқ (екіжүзді) оны мұрнына қонған шыбындай кіші көреді, түртіп жіберсе ұшып кетеді деп ойлайды» делінген.

* Істеген күнәсін басқаларға айту. Осылайша сол күнәні басқалардың істеуіне себеп болу. Естігендерді, сондай күнәні істеуге ниеттері болмаса да, соған ынталандыру – дәл сол күнәні істеумен тең. Бір іске себеп болу – оны істеу деген сөз. Жақсы болса – жақсы, жаман болса – жаман.

* Жұртқа үлгі болып жүрген, халық арасында абыройы бар кісілердің істеген күнәлары кіші болса да, үлкен саналады. Білімді адамдар, қажылар және қарт кісілер – өзгелер тарапынан үнемі бақылауда болатын адамдар. Олардан көрген күнәларды басқалар еркін істей бастайды. Тіпті, одан да үлкенін істеуге болады деп ойлайды. «Пәлен кісі істеген болса, неге маған істемеске? Жаман іс болса, сондай құрметті кісі оны істемес еді ғой» дегендей сөздер айта бастайды. Осылайша мән берместен, қысылмастан күнәға батады.