Аңыз... Байқотанның жұмбағы
Қаз дауысты Қазыбек: «Байқотанға сәлем айт, жерінде тобылғы көп деп еді, соның ішінен қамшыма сап боларлықтай тобылғы беріп жіберсін» деп кісі салыпты. Байқотан бір тұтам тобылғының сыртқы сұрғылт түгін қырып, жақсылап майлап, шоққа қыздырып, қып-қызыл етіп, қағазға орай, шәйі орамалға түйіп, келген кісінің қолына берсе, анау алар-алмасын білмей көп тұрыпты. Сонда Байқотан оған: «Жетелі құл арытпас, жетесіз құл жарытпас» деген. Қазының менен сұрағаны осы. Жоғалтпай алып барып табыс ет» депті.
Түйіншекті Қазының қолына табыс еткенде, ол түйіншекті шешіп, ішінде жатқан бір тұтам қып-қызыл тобылғыны көріп: «Ішегін ішіне тартып тұрғанын қарашы, «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген шіркін, тұлпар болып туған! Жұмбағының түйінін өзіне айтқызалық, қашық демесін, жетсін Байқотан» деп Қазыбек кісі жіберіпті.
Нөкер жасап, салтанатпен келген Байқотан: «Азғынды қуып тозғанға жолықпа, туыс іздеп достан кетпе, тауға шығып айғайлама, ойда тұрып бақырма, жүнің қызыл, түгің аз, қызығарлық дұшпан көп, бас-аяғың бір тұтам,басқара біл тұтамдап. Айбар шекпе алыстан, күшің қайтар қарысқан, түртіп қалып оятпа, үңгірде жатқан арыстан, қол үзіп, сіңір шығарар, байқамай қалып алыссаң! Мұз төсеніп, қар жастан, қалыспағын алыстан, ойға мініп, сабырды ту ет» дегенім еді депті.