Сұхбат... Жастық шақта тәубе етушілердің қадірі
Адам пайғамбардан (алейһиссалам) бері барлық пайғамбарлардың үйреткен имандары бірдей еді. Яғни сенетін нәрселердің бәрі бірдей еді. Ешқандай айырмашылық болмаған еді. Иманда айырмашылық болмайды. Бірақ ғибадаттарда өзгешеліктер болған. Алғашқы адам және алғашқы пайғамбар Адам алейһиссаламнан бері намаз бар еді, намаз оқылатын еді. Бірақ қазіргідей бес уақыт емес еді. Кейбір үмбеттер тек таң намазын, ал кейбір үмбеттер тек қана бесінді оқитын. Бұл үмбетке Миғраж түнінде бес уақыт намаз парыз болды.
Ахиретте ең алғаш намаз сұралады. Егер адам намаздың есебін бере алса, одан кейінгі есептері жеңіл болады. Намаз – діннің тірегі. Шах Нақшибәнд Мұхаммед Бахауддин Бұхари хазреттері: «Аллаһу та'аланың разылығына қолжеткізу үшін жастық шақта тәубе еткен, намазын үзбей оқыған жас жігіттің аяғындағы бір қылы болуды қалаймын» деген.
Намаздың әлеуметтік тұрғыда да көптеген пайдасы бар. Намаз оқу – Аллаһу та'аланың ұлылығын ойлап, Оның алдында өзінің кішілігін түсіну деген сөз. Мұны түсінген кісі әрдайым жақсылық жасап жүреді. Күнде бес рет Раббының алдында болуға ниет еткен адамның жүрегі ықыласқа толады. Намазда орындалуы әмір етілген әрбір әрекет жүрекке және денеге пайдасын тигізеді.
Мешітте жамағатпен намаз оқу мұсылмандардың жүректерін бір-біріне байлайды. Бір-бірінің бауыры екендігін түсінеді. Үлкендер кішілерге қамқор болады, ал кішілер үлкендерге құрмет көрсетеді. Байлар кедейлерге көмектеседі. Дені сау адамдар ауырып қалғандарды мешітте көрмегенде үйлеріне іздеп барады. «Дін бауырына көмектесуге асыққан адамның көмекшісі – Аллаһ» хадис шәрифіндегі сүйіншіге қауышуға жарысады.