Untitled Document

Ғибрат... Қызметшінің кемшілігі

Хаммад бин Салеме хазреттері бір уағызында сөз тасудың зияны туралы әңгімелеп отырып, мына оқиғаны айтып береді:

Бір кісі үйіне қызметші жалдамақ болады. Ауылдан бір әйел табыла кетеді. Қандайда бір кемшілігі бар ма екен деп сұрастырғанында «ісі тиянақты, пысық әйел, бірақ адамдар арасында сөз таситын жаман әдеті бар» дегенді естиді. «Кемшілігі сөз тасу ғана болса, түк емес екен»,- деп оны жұмысқа қабылдайды. Арадан біраз уақыт өтіп сенімге кіргеннен кейін бір күні әлгі қызметші байдың әйеліне: «Күйеуің сені жақсы көрмейді. Сені тастап басқа қатынға кетпекші. Қаласаң сиқыр жасатайын, сонда күйеуің сені өмір бақи сүйіп өтеді. Ол үшін күйеуіңнің сақалынан бірнеше талын әкеліп бер»,- дейді. Кейін күйеуіне барып: «Сен әйеліңе осыншалықты жағдайын жасап, аялап жүрсің, ал сенің әйеліңнің көзі сыртта. Сені өлтіріп, басқамен тұрмыс құрмақшы, сөйтіп сенің жиған тергеніңді екеуі жейтін болады»,- дейді. Күйеуі оған сенбей доғаруын айтып, ұрсып береді. Қызметші: «Маған сенбесең түнде ұйықтап жатқан сыңай танытып жат, өзің көресің»,- дейді. Отағасы қанша сенбегенімен күдігін сейілту мақсатында қаруын сайлап, ұйықтағансып жатып қалады. Қызметші дереу әйеліне барып: «Күйеуің ұйықтап жатыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып бірнеше тал сақалын қырқып алып кел» дейді. Әйелі қолына ұстараны алып күйеуіне қарай келеді. Өтірік ұйықтап жатқан күйеуі қолына ұстара алып келе жатқан әйелін көргенде орнынан атып тұрып әйелін өлтіреді. Қызметші болса дереу әйелдің туыстарына жүгіріп, жағдайды басқаша баяндап береді. Осылайша екі отбасы, тіпті екі тайпа бір-біріне қол жұмсап, түбі үлкен жанжалға ұласады.