Untitled Document

Жалғасы... Әке асқар тау (2)

Қазір әкелер дастархан басында немесе өзара сұхбаттарда жетекшілік ететіндей әсерде емес. Комедиялық киноларда әкелер көбінесе алаңғасар әрекет ететін, масқара тұлға ретінде көрсетілуде. Бұрындары тамақтану уақытында бүкіл отбасы бірге жиналуы маңызды әдет еді. Бүгінде бұл маңызы жоғалды. Тіпті кей жерлерде отбасы болып дастархан басына бірге отыру үрдісі мүлдем жоқ».

Батыстықтардың дабыл қағып жатқан осындай келеңсіздіктер батысқа еліктегіш келетін біздің қоғамда да көрініп жатқаны жасырын емес. Мұның алдын алуға, ал алдын алу үшін дәстүрлі отбасылық құндылықтарымызға бекем болуға талпынуымыз керек. Ұл баланы жастайынан ер мінезді етіп тәрбиелеу керек.

Қазақ отбасында әкенің орны ерекше. Дана халқымыз «Әке-асқар тау, ана-бауырындағы бұлақ, бала-жағасындағы құрақ» деп, отбасыдағы әркімнің орнын әдемі сипаттаған. Әке – асқар тау, үйдің отағасы (басшысы), асыраушысы, қамқоршысы. Отбасының күн көрісі, напақасы, тәлім-тәрбиесі әке мойнындағы маңызды міндет. Ананың да қызметі айрықша. Ана – отбасының ұйытқысы, бақ-берекенің, мейірімнің бұлағы. Аналарымыз «мұны әкең естімесін, естісе оңбайсың» деген сияқты сөздермен сескендіріп, «әкеңнің рұқсатын ал», «әкеңнің батасын ал» деген сияқты сөздермен әке мерейінің үстемдігін, қадірінің асқақтығын білдіріп отырған. Отбасыда әкенің де, ананың да балаға берері мол. Сондықтан қоғамның салауаттылығы үшін отбасыда әкенің де, ананың да бар болуы, сондай-ақ әкенің бас болуы, яғни әулет басшысы болуы маңызды. Отағасы, яғни әкелік беделі (үстемдігі) жоқ үйде береке болмайды. Әке – отбасының тірегі. Тірексіз отбасы әлсін тербелісте-ақ құлдырайды.