Сұхбат... Қайғылардың азаюы үшін
Адамдар әлсіз болып жаратылған. Ауру немесе осыған ұқсас бір қиыншылық басына келген кезде шектен шығып шырылдап кетеді. Дүниеде рахаттықтың жоқ екендігін есіне түсірсе, осыншама қайғырмайтын еді. Дүниенің ниғметтері де, қиыншылықтары да өткінші.
Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) былай деді: «Басыма бір қиыншылық келген кезде үш нәрсеге шүкір етемін. 1) Дініме келмегені үшін. Ең үлкен қиыншылық – дінге келгені, кейін денеге, кейін мал-мүлікке келгені. Дінге келгені ахиреттік өмірге байланысты. Мысалы, бір уақыт намазды біліп қазаға қалдыру ең ауыр ауруға шалдығудан да жаман. 2) Одан да үлкені болмағаны үшін шүкір етемін. Қиыншылық қандай болса да, одан да үлкені келуі мүмкін еді. Яки оның қасында тағы басқа бір қиыншылық болуы да мүмкін еді. Бір баласын апатта жоғалтқан адам екеуінен де айрылып қалуы мүмкін еді. 3) Басымызға келген қиыншылықтарға сабыр сақтасақ, бұл күнәларымыздың өтемі болады.»
Істеген күнәларымыздың жазасын тартамыз. Раббымыз сүйіктілерінің жазасын осы дүниеде береді, себебі дүниедегісі оңайрақ. Ал сүймейтіндерінің жазасын ахиретке қалдырады.
Пайғамбарымыз алейһиссалам бір кісіге көңілін сұрап барады. Сөйтсе әлгі кісінің жүдеп кеткені соншалық, бір тері мен сүйек қана қалыпты. Одан сұрайды:
- Сен дұға еткенде не дейсің?
- Йа Раббым, менің жазамды дүниеде бер, ахиретке қалмасын, - деймін. Мұны естіген Расул-и Әкрам пайғамбарымыз былай дейді:
- Сен оның дүниедегі жазасына да төзе алмайсың. Сен «Раббана әтина...» дұғасын оқы! Әрі дүниеде, әрі ахиретте жақсылықтардың берілуін сұра!
Науқас бірнеше күн осы дұғаны оқыды, жазылды, намаздарын мешітте жамағатпен оқи бастады. Біз де осы дұғаны көп оқиық...