Тарих... Жұмабек Ахметұлы Тәшенов (1)
Тәшенов Жұмабек Ахметұлы (20.03.1915 ж Ақмола обл, Аршалы аудан, Бабатай ауылында дүниеге келіп – 18.11.1986 ж Шымкент қаласында дүниеден озған) – мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымының кандидаты. 1955 –1960 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы, 1960 – 1961 жылдары Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында “қазақ ауылын” құрды деп айыпталды. “Қазақ әдебиеті” газетін жабудан, “Социалистік Қазақстан” газетін “Казправданың” аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды. “Ұлтшыл” деп айыпталып, Н.Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылды. Қызметінен төмендетіліп 1961 – 1975 жылдары Шымкент облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Бұл қызметінде де мойымастан оңтүстік өлкелерінің гүлденуіне көп үлесін тигізді. 1975 жылы одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты.
Ж.Тәшеновтің еліне, ұлтына сіңірген көптеген ерен еңбектері көзі тірісінде-ақ ел аузында аңызға айналды. Басқа ерліктерін былай қойғанда егер 5 облыс Ресей Федерациясына өтіп кеткенде Қазақстан кемінде өз жерінің үштен бірінен айрылар еді. Болашақта тәуелсіз еліміздің бас қаласы болатын Целиноград қаласы жат қолында қалар еді. Міне, сондықтан халық жүрегінде сақталған абзал жанның жарқын бейнесін, есімін, ерлігін жаңғыртып отыру бүгінгі ұрпақтың борышы.