Мәлімет... Роже Гароди
Роже Гароди – еңбектері қырықтан астам тілдерге аударылған, әлемдік деңгейдегі танымал француз ойшылы. Ислам дінін қабылдау арқылы шеттелу, санкция, христиан фанатиктері тарапынан қысымға ұшырауды басынан өткерген Гароди Ыстанбұлдағы бір конференцияда мұсылмандықты қабылдау себебін сұраған адамға берген жауабы: «Мен христиан едім. АҚШ-тағы алып картелдердің бағаны тұрақтандыру үшін миллиондаған сүтті төгіп, миллиондаған тонна бидайды өртегенін көргенде бұл опасыздық мені коммунизмге итермеледі. Коммунизмнің ішінде жүріп мұның рухани азық болар тарапы жоқ екенін аңғардым. Христиандық пен коммунизм арасында көпір құруды ұйғардым, бірақ мұным іске аспады. Сол күндері өлім жазасына кесілген болатынмын. Алжирлік мұсылман әскердің көмегімен бұл қауіптен құтылу нәсіп болды. Кейіннен ол әскерді іздеп таптым: “Француз офицері мені ату жазасына жібергенінде, мені неге құтқардың?” - деп сұрағанымда: “Мен мұсылманмын. Аллаһтың берген жанын себепсіз қиюға датым бармады. Мұның ахиреттегі жауапкершілігінен қорқамын”-деп жауап берді. Мен ол күнге дейін Исламды көшпенділердің діні деп ойлайтынмын. Бұл оқиға менің Исламға бет бұруыма негіз болды. Экономист болғандықтан Исламның экономикалық тарапын зерттедім. Пайызға қатысты не делінген екенін, егжей-тегжейіне дейін зерттедім. Билал Хабашидің жеткізген бір хадис шәриф мені саламаттыққа алып келді. Хазреті Билал Расулуллаһқа жақсы, жоғары сұрыпты құрмалардан алып келеді. “Мұны қайдан алдың?” деп сұрағанда: “Бізде қарапайым құрмалар бар еді. Расулуллаһқа жақсысын ұсыну мақсатында осы жақсы құрма үшін, өзіміздің құрмадан мұның екі есесін оған бердік”,- дейді. Пайғамбарымыз мұны естігенде: “Қап! Мұның пайыз болды. Бұлай істеме! Жақсы құрма алғың келсе, қолыңдағын сат, сосын, соның ақшасына жақсы құрма сатып ал!”- деп айтады. (Мүслим) Бұдан Аллаһтың расулы пайызға ашылатын есіктердің кілт ұңғымасына дейін бітеп тастағанын байқадым. Бұл жағдай мені Исламды одан әрі тағы зерттеуге итермеледі...»