Untitled Document

Күннің тарихы... Арыс қаласындағы төтенше жағдай

Былтыр 24 маусым күні таңғы 09:30 шамасында Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында өрттің салдарымен жарылыс орын алып, ұшқан оқ дәрілер қалаға едәуір мөлшерде зақым келтірген болатын. Төтенше жағдай жарияланып, тұрғындар шұғыл түрде Шымкент қаласы мен жақын маңдағы аудандарға эвакуацияланды. 89 оқ-дәрі қоймасы орын алған әскери бөлімнің жалпы аумағы 2700 гектарды құрайды, сақтау мекендерінің ауданы 150 мың шаршы метрден асады. Жарылыс салдарында шамамен 7600 үйдің терезелері қирап, үйлердің 80 пайызының шатыры жарамсыз халге келген.     

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласын аралап, одан кейін эвакуациялық бекеттердегі халықпен кездесті. Мемлекет басшысы халыққа қажетті барлық көмек түрі көрсетілетінін және кінәлілер анықталып жазаланатындығын мәлімдеді.   

Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев жарылу қаупі бар 500-ден астам жарылғыш заттардың залалсыздандырылғанын мәлімдеді. Ресми деректер бойынша 3 адам қаза тауып, 170 адам жарақат алған. 28 маусым таңғы 6-дан бастап Арыс тұрғындарына үйлеріне қайтуына рұқсат берілді.  

45 000-ға жуық тұрғыны бар Арыс халқына мемлекет тарапынан және ел жағдайын елеусіз қалдырмайтын отандастар тарапынан жан-жақты көмек пен қолдау көрсетілді.