Ғибрат... Сатып алынған құдық
Мұсылмандар Мәдинаға хижрет еткен кезде ауыз су мәселесі қиындау болған еді. Құдық көп болатын. Бірақ, сулары онша жақсы емес-ті. Руме деген құдықтың суы өте керемет еді. Бұл құдық бір яһудидің құдығы болатын. Яһуди мұсылмандарды қинау үшін құдықтан әрдайым су бере бермейтін. Берген күнде де қымбат бағаға сататын, сондықтан барлық адам ала алмайтын және кедей мұсылмандар алуға қиналатын.
Пайғамбарымыз мұны көріп ренжитін. Бір күні былай деді: «Руме құдығын кім алып, өз шелегін мұсылмандардың шелегімен тең ұстаса жұмақтағы шелегі бұдан қайырлы болады».
Мұны естіген Хазреті Осман дереу әлгі яһудиге барып, саудаласа бастайды. 12000 дирхамға (күміс теңге) құдықтың жарты үлесін сатып алады. Сөйтіп, құдықтың басында бір күн яһуди, бір күн Хазреті Осман тұратын болып келіседі. Яһуди тағы да жоғары бағаға сатады, ал Хазреті Осман тегін беретін. Мұсылмандар Хазреті Османның кезегінде екі күндік суларын алып алатын. Ертеңіне яһудиге ешкім бармайтын. Яһуди енді құдықтың қалған жартысын да сол бағаға Хазреті Османға сатқысы келеді. Бірақ, Хазреті Осман оған көнбейді. Біраз уақыт өткен соң тағы барып, арзан баға ұсынып, сатады. Осылайша, құдық толығымен мұсылмандардың қажеттілігіне жұмсалатын болды.
Басқадан кем болмас үшін
Басқадан кем болмас үшін біз білімді, һәм күшті болуымыз керек, білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек.
Ахмет Байтұрсынұлы