Сұхбат... Жұма – мейрам күні
Жұма - күндердің ішіндегі ең қадірлісі, мұсылмандардың мерекесі болып табылады. Аллаһу та’ала жұма күнін мұсылмандарға арнаған. Жұма күні жасалған ғибадаттарға басқа күндерде жасалған ғибадаттардан екі есе артық сауап беріледі. Жұма күні істелген күнәлар да екі есе болып жазылады. Жұма күні ғұсыл алу, хош иістер себіну, жаңа, таза киімдер кию, шаш, тырнақ алу сүннет болып табылады. Жұма күндері дұға қабыл болатын бір сәт бар. Жұманың күндізі түнінен қадірлі. Жұма намазы уақытында сауда-саттық жасау күнә.
Хадис шәрифтерде былай делінді:
«Мұсылман жұма күні ғұсыл алып, жұма намазына барса, бір апталық күнәлары кешіріледі және әр қадамына сауап жазылады».
«Сенбі күндері яһудилерге, жексенбі күндері христиандарға берілгені сияқты жұма күні мұсылмандарға берілді. Бұл күні мұсылмандарға қайырым, береке және жақсылық беріледі».
«Жұма күнінің келгеніне қуанған мүмінге күн сайын соншама сауап жазылады, оның сауабын тек Аллаһу та’ала біледі».
«Жұма күні қайтыс болған мүміндерге шәйіттің сауабы беріледі және қабір азабынан қорғалады».
«Күндердің ең қадірлісі – жұма. Жұма мереке күндерінен және ашура күнінен де қадірлі. Жұма дүние мен жұмақта мұсылмандардың мерекесі».
«Ата-анасының немесе екеуінің бірінің қабірін әр жұма сайын зиярат ететін адамның күнәлары кешіріледі. Ақыларын өтеген болып саналады».
«Жұма күні тырнағын алған адам бір апта бәле-жаладан қорғалады».
«Жұма - кедейлердің қажылығы және мұсылмандардың, көк өкілдерінің (періштелер) мейрамы, сондай-ақ жұмақта да мереке күні. Күндердің ең жақсысы, ең қадірлісі жұма болып табылады».
«Жұма - жақсылықтардың қазынасы және жақсы нәрселердің қайнар-көзі».