Сұхбат... Жақсылармен дос болу
Бақытсыздықтардың, пәлекеттердің басы жаман дос. Дінді, иманды, ғибадатты, халал-харамды ұмыттыратын, мінез-құлықты бұзатын - жаман дос. «Досыңның кім екенін айт, сенің кім екеніңді айтамын», «Жаманмен дос болсаң көңілің азар», «Қазанға жақындасаң күйесі жұғады» деген даналық сөздер де жаманмен дос болған адам, соның жамандығынан үлес алатынын көрсетуде.
Дүние және ахирет бақыты үшін жақсылармен бірге болу керек. Салих (жақсы) дос тапқанда лайықты құрмет көрсету, кемшілігін іздемеу керек. Ол туралы суизанда (жаман ой мен күмәнда) болмау керек. Орынсыз сөз, іс-әрекетін көргенде білместіктен, байқаусыздан немесе абыржудан деп жорамалдаған жөн. Яғни үзірлі себеппен кінәсіз екендігін қабылдау керек. Өйткені жақсы мінезді адам өзгелерге кешіріммен қарайды, олардың кемшіліктерін жарияламайды.
Достықтың бауы туысқандық сияқты берік болуы керек. Туысқаның қате істесе, мәселен баламыз күнә істесе оны тастап кетеміз бе?! Әрине жоқ. Оған мұның қателігін, дұрыс еместігін түсіндіруге тырысамыз. Сол сияқты досты да қатесі үшін тастап кету, араны үзу дұрыс емес. Аталарымыз: «Жолдасын тастаған – жолда қалар», «Бөлінгенді бөрі жейді» деген. Мінсіз адам болмайды. Кемшіліксіз, мінсіз дос іздеген адам доссыз қалады. Туыстарда, көршілерде, бірге жұмыс істейтін әріптестерде, бірге оқитын, бірге жүрген достарда қате, кемшілік болуы мүмкін. Бірақ сонымен қатар көптеген жақсы қасиеттері де болады. Жақсы қасиеттерін көруге, достықты нығайтуға, бірлік пен ынтымаққа ұмтылу керек.