Untitled Document

Білгенге маржан... Күріш

Күріш – суды және ыстықты жақсы көретін дақыл түрі. Ылғалы мол тропиктік және суптропиктік аймақтарда өсіріледі. Дүние жүзінде күрішті өсіру бойынша Қытай, Үндістан, Бангладеш, Индонезия секілді елдер алдыңғы қатарда. Кей тарихшылар күріштің отаны Қытай десе, кей тарихшылар күріштің негізгі отаны Үндістан екендігін, Қытайға кейіннен барғандығын жазады. Одан кейін жібек жолы арқылы басқа елдерге таралған. 

Күріш – негізгі азықтық дақылдардың бірі. Күріш дәнінен спирт, крахмал алынады. Ұны нан пісіруге қолайсыз болғандықтан көбінесе балмұздақ, кондитерлік өнімдерде қолданылады. Сабанынан қағаз жасалады. Кебегі – мал азығы, одан жоғары сапалы май алуға болады.

Күріштен жасалатын палау тағамы асшылардың шынайы сынағы деуге болады. Суы көп болса езіліп кетеді, аз болса күріш тірі болып қалады. Сондай-ақ барлық күріштің қасиеті бірдей болмайды. Суды көп сіңіретін, аз сіңіретін, майды көп сіңіретін, ұзын, қысқа, ақ, күңгірт, қара секілді  көптеген түрлері кездеседі. Қара күріш туралы мынадай әпсана бар: «Ертеде қара күріш тек Қытай сарайларында ғана өсіріліп, сарай халқы ғана жей алатын азық болған екен. Күндердің бірінде бір шаруа бір уысын ұрлап шығып, өсіріп қара халықтың ішіне тарай бастаған екен. Бұл хабар патшаға жеткенде, шаруалардың қолындағы бүкіл қара күріштерді тәркілеп көзін жояды. Осыдан кейін қара күріш – “тыйым салынған күріш” деп аталып кеткен екен» деседі. 

Пайғамбарымыз Мұхаммед салаллаһу алейһи уәсәлләм күріштен жасалған тағамды жақсы көрген екен. Сондықтан мұсылман елдерінде күріш жегенде салауат айту әдетке айналған.