Рамазан сұхбаты ... Дүмшелер оразаны «бұзады» (1)
Сұрақ: Кейбір білгіштер «жеңілдетіңдер, қиындатпаңдар» деген хадис шәрифті өздерінше былай түсіндіріп жүр: «Дәрет алғанда ауызға кірген су оразаны бұзбағаны сияқты, ауызға себілетін бүріккіш (спрэй) де оразаны бұзбайды. Мұрындағы тамшы тамаққа барса оразаны бұзбайды. Инемен (укол) немесе телу жасату (прививка) арқылы дәрі қабылдау, клизма жасату, вагинадан свечка қолдану, дәріні тілдің астына қойып сору және құлаққа тамызатын май – оразаны бұзбайды.» Дін реформистерінің бұл айтқандары қате емес пе?
Жауап: Әрине қате. Мұның барлығы төрт мазһабта да оразаны бұзады. Фиқһ кітаптарында оразаны бұзып, каффарат (жаза) керек ететін жағдайлар айтылғанда: “тамақ немесе дәрі-дәрмектен саналатын кез-келген нәрсені жұту” деп аталып көрсетілген. Құм, топырақ, металл сияқты нәрселер, яғни тамақ пен дәріге жатпайтындарды жеу оразаны бұзса да, каффаратты қажет етпейді. (Радд-үл-мухтар)
Тамақ пен дәрі-дәрмектен саналатын нәрселердің инемен (шприц) егу арқылы ағзаға енуі каффарат жасауды керек етпейді, тек қазасын ұстау керек болады. Мысалы: жараның бетіне жағылған май сіңіп кететін болса ораза бұзылады, бірақ каффарат жасауды керек етпейді. Астма ауруымен ауыратындардың тамаққа себетін бүріккіштерінің (спрэй) құрамында дәрі болғандықтан оразаны бұзады. Ауызға кіріп жұтылған нәрсенің аз немесе көп болуының маңызы жоқ. Бір тамшы дәрі немесе бір тамшы су адамның өз қалауымен жұтылса, оразаны бұзып қана қоймай, каффарат жасауды да керек етеді. Дәрет алып жатқанда байқаусызда жұтылса, әдейі жасамағаны үшін каффарат жасауды керек етпейді.
Дәрет алып болғаннан кейін ауызда қалған ылғалды жұту мен мұрынға немесе ауызға тамызатын дәріні жұтуды салыстыруға болмайды. Өйткені дәрет алу – қажеттілік болып табылады. Дәрі де қажеттілік дейтін болса, ораза ұстай алмайтындай дәрежеде ауру болғандарға ораза ұстамауға рұқсат берілген. Ауруынан сауыққаннан кейін ұстайды. Дүмшелердің айтқанындай: “Дәрімді де қабылдай беремін, оразамды да ұстай беремін” деп айту – үлкен қателік.
(жалғасы ертең)