Аңыз... Сырым Датұлының Бөкеннен алған батасы (1)
Сырым жас кезінде Есентемір Бөкен биге батасын алайын деп және ақыл сұрайын деп ат, шапан алып барады. Барып қонақ болғаннан кейін Бөкен Сырымнан келген жұмысын сұрайды. Сонда Сырым: «Менің сізге келген жұмысым – біріншіден, сіздің батаңызды алайын деп келдім, екіншіден, ақыл сұрайын деп келдім»,- дейді. Сонда Бөкен: «Саған батамды берейін, сен жас болғанмен елге бас болғандай екенсің»,- деп бата береді:
Арқаң қара нардай жауыр болсын,
Мінезің қара жердей ауыр болсын.
Өкпең жоқ — бауыр болсын,
Құлағыңнан сыбыр кетпесін,
Жасың алпысқа жетпесін,- дейді. Батасын бергеннен кейін: «Мен не десем де бәрінің де мағынасы бар, қалай түсіндің, өзіме айырып бер»,- дейді Бөкен қарт. Сонда Сырым: «Арқаң көп мінгеннен жауыр болсын дегенің – халық үшін жұмыс жаса, халықты өзіңе ерте біл - дегенің. Мінезің қара жерден ауыр болсын дегенің – беріден ойлама, әріден ойла, салмақты бол, жеңіл болма дегенің. Өкпең жоқ бауыр болсын дегенің – не болса соған өкпелеп, инені жіпке тізіп өкпешіл болма дегенің. Құлағыңнан сыбыр кетпесін дегенің – ел арасында дау-жанжал көп кездеседі, сол мәселені өзің шешіп, ақ-қарасын айырып, дұрыс төресін бере біл дегенің. Жасың алпысқа жетпесін деген батаңызға мен түсіне алмадым,- депті. (Жалғасы ертең...)