Сұхбат... Дұғаның қабыл болу шарттары
1) Дұрыс иман – Әһли сүннет ақидасында (сенімінде) болу керек. Хадис шәрифте: «Бидғат иесінің дұғасы мен ғибадаттары қабыл болмайды» делінген. Сондықтан, пайғамбарымыз мен сахабалары сияқты әһли сүннет ақидасында болуымыз керек. Амалда төрт мазһабтың біреуіне мойынсұну шарт.
2) Парыздарды орындап, харамдардан және құл ақысынан сақтану керек! Хадис шәрифте былай делінген: «Көптеген адамдар бар, ішкен-жегендері мен кигендері харам бола тұра қолдарын жайып дұға етеді. Мұндай дұға қалайша қабыл болсын?»
3) Қасиетті уақыттарда дұға ету керек! Жұмаға қараған түн мен жұма күні, азан уақыты, азан мен қаматтың арасы, әр күннің сәре уақыты, түннің екінші жартысы, Ражаб айының алғашқы түні, Шағбан айының (он бесінші) Бәрат түні, айт түндері, арапа күні, Рамазан айының күндері мен түндері, ауызашар уақыты, жұма күні бесін мен екінді арасындағы уақыт “қасиетті уақыттар” болып саналады.
4) Қабыл болатынына сеніп дұға ету керек! Дұғаның қабыл болатынына еш күмән келтірмеу керек. Шарттарына сай жасалып-жасалмағанына күмәндану керек. Пайғамбарымыз: «“Дұға еттім, бірақ қабыл болмады” демегенше жасалған дұға қабыл болады.» деген.
5) Бәле-жала келместен бұрын дұға ету керек! Дұғаны тек қиыншылыққа душар болғанда ғана жасамау керек. Әрдайым дұға ету керек. Рахаттық, тыныштық кезінде көп дұға еткен адамның дерт, бәле келген кездегі дұғалары тез қабыл болады. Сүйікті пайғамбарымыз: «Басына қиыншылық түскенде дұғасының қабыл болуын қалаған адам молшылық кезінде көп дұға етсін!» деген.
6) Себептерге жабысу керек! Аллаһу та’аланың илаһи әдетіне мойынсұнбай, себептерге жабыспай, еңбектенбей қол жайып дұға ету – Аллаһу та’аладан мұғжиза сұрау, әдетіне бағынбау болады. Мұсылмандықта әрі еңбек ету, әрі дұға ету керек. Алдымен себепке жабысып, кейін дұға ету керек.