Жалғасы... Тоныкөк (2)
Құтылығ қаған өлгеннен кейін, орнына інісі Қапаған отырады. Тоныкөк оған да сенімді серік, білікті ақылшы болып, адал қызмет етеді. Бұл ретте Тоныкөктің өзі тас жазуда: «Елтөресі (Құтылығ) қаған, Білге Тоныкөк қам жеп, иелік қылғаны үшін Қапаған қаған бар болып отыр» дейді. Онысы рас та секілді. Қытай жылнамасы Қапағанды қарамағындағыларға аяусыз қатыгездікпен қарады, қартайған сайын қызғаншақ, ақылсыз бола бастады деп суреттейді. Тоныкөк осы кезде қағанына өкпелеп, қытайға өтіп кетуге жырыла көшкен ру тайпа көсемдерін тоқтатып, ел бүтіндігін сақтау үшін күндіз отырмай, түнде ұйықтамай, ат үстінде жүреді. Бірақ Тоныкөктің халық алдындағы беделінің тым жоғарлығын қызғанған Қапаған оны ел билігінен оқшаулай бастайды. Қағанат құлауға айналады. Ақырында Қапаған қаған ойда жоқта өз қандастарының қолынан қаза табады.
«Білге қаған» деген атпен таққа отырған Могилиән өз тайпасының ортасына кеткен Тоныкөктің көрегендік ақылымен тұс, тұстан анталаған жауының бәрін жеңіп, құлауға айналған қағанатты қалпына келтіреді. Түркi жұртының азаттыққа қол жеткізіп, жеке дербестік ел болып отыруына айтулы еңбек сіңірген дала кемеңгері Білге Тоныкөк өзінің тарихтағы орнын былайша сипаттайды: «Тәңірі жарылқады! Бүкіл түркі жұртына қарулы жау келтірмедім, атты әскер жолатпадым. Ел төресі жауламаса, оған еріп мен жауламасам, елім, халқым жойылар еді. Оның шабуылының нәтижесінде, менің шабуылымның нәтижесінде еліміз қайта ел болды, халқымыз қайта халық болды. Өзім қартайдым, ұлық болдым. Түркі Білге қағанның еліне арнап тасқа жаздырған мен Білге Тоныкөкпін» дейді дана қарт.