Өлең... Жүрегім дүрс соғады
Алаш ұлы ақиқатқа сөз берген,
Қуаныш пен қиындықты көз көрген.
Жүрегім дүрс соғады, дүрс соғады,
Ойланамын бұл қоғамды өзгерген.
Суытып руханияттан арамызды,
Ұмыттық тау тұлғалар, данамызды.
Жастарым қазақ тілін шұбарлатып,
Арсыздар улап бітті санамызды.
Бүгінімде жаным менің жылайды,
Безбүйректер қазақ үшін бір қайғы.
Нәрестесін қара түнге тастаған,
Адамдықтың заңғарынан құлайды.
Жігерсіздер алты Алашты қаптаған,
Ұлттық рухын, ел намысын таптаған.
Барша қазақ бір Алаштың баласы,
Қай баласы салт-дәстүрін сақтаған? !
Ащы суға қанығатын қазағым,
Достан гөрі уды жолдас санадың.
Бұл нәпсінің басын дереу шаппаса,
Тартар алдан көп болады азабың.
Соны ойлап жүрегім дүрс соғады,
Бұл ісімен қай қазағым оңады? !
Пасық ойдан арылмаса дер кезде,
Қайран жұртым, надандықтан солады.
Бұл сөзіме тереңнен ойланыңдар,
Ізгіліктен қашуды қоймадыңдар.
Алашым өз салтымен бақытты ғой,
Достарым, ойланыңдар, ояныңдар!
Дамир Жапаров