Ғибрат... Жанжалдың тоқтауы (1)
Отбасы ішіндегі келеңсіздіктер, әйелімен күндегі ұрыс-керіс, бітпей кеткен жанжалдан мезі болған бір жас жігіт медресеге келіп әулие, ғұлама болған ұстазына мұңын шертеді:
- Ұстаз, хадис шәрифте «Мұсылмандардың иман тұрғысынан ең үстемі – мінезі ең жақсы болғаны және әйеліне ең жақсы, ең мейірімді мәміледе болғаны», «Күйеуі разы болғанға дейін әйелдің намаздары және ешбір жақсылығы қабыл болмайды» делінген. Ал мен әйеліммен мүлдем тіл табыса алмай келемін. Менде де мінез бар, онда да мінез бар, мәмілеге келер түріміз жоқ. Күнәларымыз таудай боп жиналып қалған шығар. Оны да, өзімді де күнәға батыра бермей ажырассам қалай болады? - дейді. Ұстазы:
- Ажырасып қайтесің балам, болса да бір ай ішінде өлесің, одан да ахиретіңе қамданбаймысың,- деп жауап береді. Әулиелік кереметі мен даналығы мәлім, кәміл сенетін ұстазынан мұндай жауапты күтпеген болатын. Төбесінен мұздай су төгілгендей қалшиып, қайғыдан өксігі тамағына тақалған шәкірттің «жарайды» деп айтуға ғана шамасы келеді. Бір ай ішінде өлетінін естіген адам не істесін? Сол сәттен бастап күрт өзгереді. Күні-түні намаз оқып, тәубе-истиғфар жасап тек ғибадаттармен шұғылданады. Әйелінің мінезімен де, үйдегі басқа келеңсіздіктермен де шаруасы жоқ. Керісінше әйеліне әртүрлі сыйапаттар жасап, көңілін табуға тырысады. Әйелі де оның өлетінін естіген соң жаны ашып, оған барынша жылы мәміле жасайды. Сол күннен бастап үйде мүлдем кикілжің шықпайды.