Untitled Document

Сұхбат... Өлімді еске алу

Әрбір мұсылман жаннат пен жаһаннамға сенеді. Жаһаннамнан құтылып, жаннатқа кіргісі келетін ақылды адамның өлімге дайын болуы керек. Өйткені, пайғамбарымыз алейһиссалам: «Ақылды адам - өзін есепке тартып, өлім үшін дайындалатын адам» деген. Бір нәрсе үшін дайындалу – ол нәрсені жиі еске алу арқылы болады.

Қияметтің қиыншылықтарын шын мәнінде ұғына алғанымызда, дүниелік қиыншылықтарды дерт деп білмес едік. Бүкіл келеңсіздіктер өлімді ұмытудан туындайды. Ал өлімді еске алу ең үлкен насихат. Әрбір иман иесі өлімді көп еске алуы қажет. Пайғамбарымыз былай дейді:  

«Өлімді еске алу күнәлардан сақтайды». (Ибн Әбиддунйа)

«Өлімді еске алу садақа бергендей сауап». (Дәйләми)

«Ахиретте болатындарды сендердің білгендеріңдей жануарлар да білгенде жеу үшін ет таба алмас едіңдер». (Бәйһақи)   

«Ләззаттарды жоятын, ауыздың дәмін бұзатын, үміттерді үзетін өлімді көп еске алыңдар! Өлімді таршылықта еске алған адам жеңілдейді. Кеңшілікте еске алған адам, ысыраптан қашып, қанағатшыл болады». (И. Хиббан)

Өлімді көп еске алу діннің әмірлерін жіті орындауға және күнәлардан тыйылуға себеп болады. Харам істеуге деген батылдықты азайтады. Имам Раббани хазреттері былай деген:

«Өлім пәлекет емес. Өлгеннен кейін басына келетіндерді білмеу, дайындығын жасамау – пәлекет».