Күннің тарихы... Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатты
Былтыр наурыздың 19-ы Қазақстан Республикасын 30 жыл көлемінде басқарған елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатты. Бұл туралы экс-президент орталық телеарналар арқылы мәлімдеді. Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде:
«Мемлекетіміздің аса маңызды, тарихи сәттерінде халқыма үндеу жолдайтынымды білесіздер. Бүгін де баршаңызға үндеу жариялағалы отырмын. Бірақ, бүгінгі үндеудің маңызы зор. Мен Қазақстан Республикасының президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл - оңай шешім емес» деді.
Келесі президенттік сайлауға дейін уақытша президентік міндетті Қасым-Жомарт Тоқаев атқарды. (Ал 9 маусым күні өткен кезектен тыс сайлаудан Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылар даусының 70,96 % иеленіп, ҚР 2-ші президенті болып сайланды.)
«Бұл - менің президент ретінде қол қойған соңғы жарлығым» деген Назарбаев уақытша президент жайлы «Тоқаев - ел басқаруға лайық адам» деген ойымен бөлісті.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 48-бабына сай уақытша президент міндетін сенат төрағасы атқарады. Ол мерзімінен бұрын орнын босатқан экс-президенттің басқару өкілеті аяқталған мерзімге дейін президент болады.
Президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының жетекшісі және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қала беретінін» айтты.
Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан бері 5 рет президент сайлауы өтті (1991, 1999, 2005, 2011, 2015 жылдары). Аталмыш сайлаудың барлығында Назарбаев айқын басымдықпен жеңіске жеткен болатын.