Untitled Document

Тарих... Тақияшының мешіті (1)

Бұрыңғы заманда Осман мемлекетінде қолдан тоқыған тақияларын сатып, күнін әзер көріп жүрген Ибраһим Чавуш атты кісі өткен екен. Бірақ арманы асқақ болыпты. Оның бар арманы мешіт салып, Жаратқанның разылығына қауышу болған екен. Осы мақсатпен өмір сүріп, әр дұғасында осыны сұрап, әр сөзінде осы арманын тілге тиек етіп жүреді. Шын көңілімен айтқан игі ниетін естігендер байғұсқа жандары ашып, тіпті кейде күліп, келеке етеді. «Байғұс-ау, қандай ақшаңа мешіт салмақсың?» дегендерге: «Аллаһ бергісі келмесе, қалау сезімін бермес еді. Қатты қалап, сұрасаң Аллаһу та’ала тілеуіңді береді!» деп жауап береді екен.

Уақыт зымырап өте береді. Ибраһим қасиетті түннің бірінде ғибадат етіп, дұға етіп отырып ұйықтап қалады. Біраз уақыттан кейін ақ тер - көк тер ішінде оянады. Түсінде нұрлы жүзді мәбәрәк кісі: «Бағдатқа бар, сол жердегі екі шоқ жүзім сенің ризығың, соны жеп қайт!» дейді. Мұның да қайыры бар шығар, деп жолға дайындалады. Таңертеңгісін жолға аттанып кетеді. Апталап, айлап созылған қиын сапардан қажыған ол ақырында Бағдатқа жетіп, бір мейманханаға жайғасады. Қанша шаршап шалдықса да үмітін үзбейді. Сөмкесіндегі қатқан нанын жемекші болып, мейманхана қожайынынан cу сұрайды. Сол сәтте бастырмадағы жапырақтар арасындағы екі шоқ жүзімге көзі түседі. Мұны байқаған қожайын байғұсқа жаны ашып сумен бірге сол екі шоқ жүзімді де үзіп апарып береді. Жүзімдерді жеп болғаннан кейін шаршағанын басып, түсінде айтылғандардың растығына көзі жетіп қайтуға бел буады. (Жалғасы ертең...)