Untitled Document

Тарих... Түркі халықтары және Ислам

Түркі халықтары мұсылман болмастан бұрын да бір құдайға сенетін, яғни көк тәңірі сенімі бар еді. Буддизм, Манихаизм, Мұсауилік, Христиандық секілді діндерді қабыл еткен тайпалар да болған. Бірақ бұлар өте аз бөлігін құрайтын. Және өмірлік ұстанымдарына, әдет-ғұрыптарына сай келмегендіктен аз уақытта ұлттық қадір-қасиеттерін жоғалтқан болатын. Түркілердің басым бөлігі көктәңірі сенімінде еді. Түрік қағанатының қағаны Білге қағанның уәзірі Тоныкөктен бір буддист пұтхана салуға рұқсат сұрап келкенде Тоныкөк мынадай жауап қайтарады: «Соғысуға және ет жеуге тыйым салатын және жоқшылықты уағыздайтын бұл дінді қабылдау түріктер үшін пәлекет болады» дейді. Бұл жауап түркілердің жоғары қадір-қасиетін және дінге қатты мән беретіндіктерін айқындауда. Тоныкөктің даналығы мен ілгеріні болжай білгенін де тарих көрсетуде. Пұтқа табынушылықты қабылдаған Табғаштар буддизмнің әсерінен Қытайласып кеткендігі, хазарлар Мұсауилік мәдениетіне тұтылып, христиандыққа өткен печенегтер, мажарлар мен бұлғарлардың түркілікке тән ешнәрсесі қалмағаны мәлім. Ал бұлардан аса маңыздысы Ислам дінінің үкімдері түркілердің ұстанымдарына, әдеттеріне сай келіп, ұлттық құндылықтары сақталуымен қатар, түркілердің одан әрі өркендеуіне көп септігін тигізді. Бұдан түркі халықтары осы Ислам діні арқылы ұлттық қадір-қасиеттерін сақтай алғандығы көрінеді.

Түркі халықтарының көк тәңірі сенімдеріндегі жаратушының бір екеніне, ахирет күніне, рухтың өлмейтініне иман келтіру және жаратушыға құрбандық шалу сияқты негізгі сенімдері исламда да болуы және Исламның көркем мінезі, адалдық, ахлақ ұстанымдарынан әсерленген түркілер VІІІ-Х ғасырлар аралығында Исламды көңіл разылығымен қабылдайды. Ислам діні күллі адамзатқа келгендіктен, ұлттық, мәдени құндылықтарды жоймайтын, керісінше мәртебесін көтеретін, ұлттық құндылықтарды қуаттауға мүмкіндік беретін дін. Тарих беттерінен де көретініміз Исламмен мәртебеленген ұлттар, бұл дінге мойынсұнған сайын қуатты мәдениеттер қалыптастыра алған.