Денсаулық... Тырнақ астындағы қауіп
Тырнағыңыз неғұрлым ұзын болса, қауіп те соғұрлым көбірек. Әлемнің әр түкпірінде әр түрлі уақыттарда жүргізілген зерттеулер осыны растайды. 1988 жылы Пенсильвания Университеті Дерматология департаментінің зерттеушілері университеттің медицина мектебі қызметкерлерінің, науқастармен араласпаған 26 ересек еріктінің қолын зерттеуге кіріседі. Олар тырнақ астындағы орынның бактериялардың өте көп шоғырланатын жері екенін анықтады. Сыналушылардың саусақтары мен алақандарында жүздеген немесе мыңдаған бактериялар болса, тырнақ астындағы кішкентай ғана жерде әр саусаққа жүз мыңнан келетін бактериялар бар болып шықты. Ондағы бактериялардың түрі қолдың қалған бөлігіндегімен бірдей, бірақ саны әлдеқайда көп болды. 2000 және 2002 жылдары жүргізілген зерттеулер де дәл осындай нәтижелерді берді.
Ғалымдар тері мен тырнақ арасындағы жер осы ұсақ ағзалардың өсуі мен көбеюіне қолайлы орта жасайды деген болжамға келді. Біріншіден, тырнақ оны сыртқы әсерлерден қорғап тұрады, екіншіден, ол жер ылғалды және жылы, ал үшіншіден, тырнақ астына ұсақ ас қалдықтары кіріп кетеді. Бұл жер бактерияларға, әлбетте, жағады, бұл — олардың сүйікті орны. Енді сізде тырнағыңызды кеміріп, кебесін тістемеудің тағы бір себебі бар.
Сондай-ақ зерттеушілер микробтар саны жасанды немесе табиғи, лак жағылған немесе жағылмаған тырнақтың қайсысында көбірек болады деген мәселеге қызықты. Табиғи тырнақтан гөрі, жасанды тырнақтың астында микроағзалардың көбірек жиналатыны анықталды. Ал лактың болу-болмауының микроб санына келіп-кетері жоқ. Сондықтан, барынша таза жүргіңіз келсе, лак жақсаңыз да, жақпасаңыз да, тырнағыңызды алып жүргеніңіз жөн.