Күннің тарихы... Ибн Баттута
Әбу Абдаллаһ Мұхаммед Ибн Баттута (24.2.1304, Танжер қ. - 1377, Фес қ. қазіргі Марокко) – араб саяхатшысы. Оның Қырым мен Алтын Орда иеліктерінде болып, жазған мақалалары, Мұхаммед Өзбек ханның сарайы туралы хабарламалары - түрік халықтарының тарихы үшін өте құнды деректер. Ол 30 жыл бойы саяхат жасаған (1323-53). Арабияда (Сауд Арабиясы түбегінде), Египетте, Иранда, Кіші Азия түбегінде, Орталық Азия мен Ауғанстанда, Үндістанда, Индонезияда, Қытайда, Суданда, Испанияда, Қырым мен Ресейде болған. Ибн Баттутаның деректерінен үзінді:
Қажы-тархан (Астрахан) шаһары
«Тархан» деп түркілерде әр түрлі алым-салықтардан босатылған адамдарды айтады. Бұл шаһардың пайда бола бастауы былай болған деседі. Түркілердің жақсы бір адамы (қажысы) ең алғаш осы шаһардың орнына келіп үй салып тұрыпты. Соңыра бұл қажыға хан тарапынан тархандық құқығы беріліпті. Сөйтіп бұл орын бір елді мекенге айналып, одан заман өте келе үлкейіп, кеңейіп, шаһарға айналыпты.
Қажы-Тархан шаһары ең әдемі шаһарлардың біреуі болып, Атил (Еділ) дариясының жағасына орналасқан. Бұл шаһардың базарлары өте үлкен. Еділ өзені де дүниедегі ең үлкен өзендердің бірі саналады.
Күн суық болғанға дейін хан осы шаһарда тұрады екен. Еділ және оған құятын басқа да өзендердің суы қатып, мұз болған кезде шаһар халқы мая-мая сабандарды мұз үстіне тасып әкеліп тастайды. Үндістандағы сияқты бұларда от-шөптің қадірі болмайды екен. Бұлар зиянды деп, малдарына сабан бермейді екен. Сабан төселген мұз үстінде шаналармен қатынайды. Қыс соңында кейбір жерлердегі мұз жарылып кетіп, адам шығыны да болып тұрады екен.