Untitled Document

Ғибрат... Қабір азабы

Пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алейһи уәсәлләм Салман Фариси екеуі мазаратқа барған болатын. Расулуллаһ алейһиссалам бір қабірдің басына келіп жылай бастайды. Салман Фариси хазреттері: «Йа, Расулаллаһ! Жылауыңыздың себебі не?» - деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Мына қабіре жатқан жігіт ауыр азап шегуде. Бауырым Жәбірейілден бұл жігіттің неге мұншалықты азапталып жатқандығын сұрадым. Анасына қарсы шыққандығын, анасы ақысын халал етпегенін (одан разы еместігін) айтты. Сен Билалға айт! Мәдина халқын осында шақырсын!» - дейді. Хазреті Билал Мәдина халқына хабарлағанында, адамдар біртіндеп жинала бастады. Пайғамбарымыз жиналғандарға: «әркім өз жақындарының қабіріне барсын!»- деп бұйырды. Сәлден соң аса таяғын таянған бір кемпір пайғамбарымыз тұрған қабірдің басына келіп тоқтады. Пайғамбарымыз: «Мұнда жатқан адам кімің болады?»- деп сұрады. Кемпір баласы екенін айтқанында расулуллаһ: «Оған ренжулісің бе?» - деп сұрады. Кемпір ренжулі екендігін және көңіліне қаяу салған оқиғаны баяндап берді: «Бір түні балам үйге кеш келген болатын. Есікті бірнеше рет қағып, ұзақ күтіп қалды. Мен есікті ашқанымда, мені қолымен итеріп жіберіп, ішке кіріп кетті. Сол түні қолым ауырып қалды және баламнан көңілім қалды. Одан кейін жағдайы оңалмады. Күндердің күнінде бақилық болды»,- дейді. Пайғамбарымыз қарт анаға: «Балаңның не жағдайда екенін көр, егер кешірмесең, разы болмасаң, балаң қияметке дейін осылай азап шегеді. Одан кейін де тозақ азабын тартады»,- деп көзінен дүниелік пердені алып тастады. Қарт әйел баласының жағдайын көргенінде шыдай алмай: «Йа, Раббым! Баламды кешіре гөр, мен оны кешірдім»,- деп, Аллаһу та’алаға жалбарына бастады. Хақ та’ала сол сәтте қабір азабын тоқтатып, басқа күнәсы болмағандықтан, бұл жігіттің қабірін жәннат бақшасына айналдырды.