Сұхбат... Иманнан кейінгі ең құнды ғибадат
Дінімізде иманнан кейінгі ең құнды ғибадат – намаз. Намаз – діннің тірегі, ғибадаттардың ең үстемі. Хадис шәрифте былай делінген: «Намаз – діннің тірегі. Намаз оқыған адам дінін қуаттандырған болады. Намаз оқымайтын адам, әлбетте, дінін құлатады». Намазды дұрыс оқумен қадірленген кісі жаман нәрсе істеуден қорғанған болады. Анкәбут сүресінің қырық бесінші аятында: «Дұрыс оқылған намаз адамды лас, жаман және тыйым салынған әрекеттерден қорғайды» делінген.
Усам бин Юсуф есімді бір кісі Хатим Әсам хазреттерінің мәжілісіне келді. Хатим Әсамға қарап: «Намазды қалай оқисың?»- деп сұрады. Хатим Әсам оған бұрылып: «Намаз уақыты келгенде орнымнан тұрып, әрі захири (сырттай), әрі батыни (іштей) тұрғыдан дәрет аламын»,- деп жауап берді. Усам бин Юсуф: «Захири және батыни дәрет қандай болады?» - деп сұрап еді, сол кезде Хатим Әсам: «Захири дәрет – белгілі мүшелерді белгілі түрде сумен жуу. Ал батыни дәретке келер болсақ, мүшелерімді тәубемен, өкінумен дүниелікке және басшы болу қалауын, адамдардың мақтауын, кек сақтау мен көре алмаушылықты тәрк ету жолымен тазалаймын. Қағбаны көз алдыма елестетемін, Аллаһу та'аланың мені көріп тұрғанын ойлаймын. Жәннатты оң жағымда, тозақты сол жағымда, Әзірейіл алейһиссаламды артымда тұрғанын елестетіп, аяғымды Сырат көпіріне қойғандай болып, оқымақшы болған осы намазымды “соңғы намазым” деп қабылдаймын. Кейін ниет етіп, тәкбір айтамын. Намазды оқығанда тәфәккур етіп оқимын. Кішіпейілдікпен рукуға иілемін. Жалбарынып сәжде жасаймын. Үмітпенен тәшәһудте отырамын, ықыласпен сәлем беремін. Отыз жылдан бері менің оқып жүрген намазым осындай»,- деді.
Бұларды естіген Усам бин Юсуф Хатим хазреттеріне: «Мұны бәрі істей алмайды»,- деп қатты жылады.