Жалғасы... Жаман мінез және одан құтылудың жолдары (2)
Жаман нәрсе жасап қойғанда, артынша риязат жасау, яғни нәпсіге қиын келетін нәрсені жасауды өзіне әдет ету де жаман мінезден құтылу жолында пайдалы. Мәселен, бір жамандық жасасам, пәлен теңге садақа беремін немесе ораза тұтамын, түнде тұрып намаз оқимын деп ант етуі керек және аталған олқылыққа жол берген жағдайда айтқан уәдесін орындау қажет. Нәпіс мұндай қиын нәрселерді жасамау үшін бұларға себеп болатын өзінің жаман әдеттерін жасамайтын болады. Жаман мінездің зияндарын оқу, есіту де пайдалы шара. Хадис шәрифтерде былай делінді:
«Ыстық судың мұзды ерітетіні сияқты, жақсы мінез де қателерді ерітеді. Сірке суы балды бұзатыны сияқты, жаман мінез де жақсылықтарды жояды».
«Ғибадаты аз болған құл, қияметте жақсы мінезімен жоғары дәрежелерге қауышады».
Жақсы мінезді болу үшін және мінез-хұлқын сақтай алу үшін, салих және жақсы мінезді адамдармен дос болу керек. Хадис шәрифте «Адамның мінезі, досының мінезі сияқты болады»- делінген. Мінез – ауру сияқты жұқпалы болады. Жаман мінезді адаммен дос болмау керек. Пайдасыз нәрселерден, ойындардан, әбес қалжыңдардан және дауласудан аулақ болған жөн. Ғылым үйреніп, пайдалы нәрселермен шұғылдану керек. Мінез-хұлықты бұзатын және шәхуатты оятатын ұятсыз, жаман кітаптарды оқымау керек және мұндай радио, теледидар көрсетілімдерінен сақтану керек. Жақсы мінездің пайдалары, жаман мінездің, харамның зияндары және жаһаннам азаптары әр уақытта есте болу керек.