Әдеп-ахлақ... Жаман мінез және одан құтылудың жолдары (1)
Хадис шәрифте: «Мінездеріңді жақсартыңдар!» делінген. Яғни, мінезді өзгерту мүмкін болғандықтан солай айтылған. Жаман мінездің алпыс түрі белгілі. Әрбір мұсылман жүрегінен барлық жаман мінездерді шығарып, орнына жақсы, көркем мінездерді орнықтыруы қажет. Жаман мінездің барлығы үшін ортақ шара – бұлардың не екенін, зияндарын, пайда болу себебін, терісін және оларға жасалатын шараның пайдасын білу болып келеді. Кейін бұл ауруды өзінде іздеу, табу керек. Мұсылман – мұсылманның айнасы. Адам өзінің кемшілігін көруі қиын. Сондықтан кемшіліктерін сенімді досынан сұрап білсе болады. Адамға дұшпандарының айтқан сөздері де, өз айыбын, кемшілігін білуіне себеп болады. Өйткені дұшпан адамның айыбын іздеп, бетіне басады. Ал жақсы достар айыбын көрмейді. Біреу хазреті Ибраһим Әдхамға келіп айыбын, кемшілігін айтуын өтінеді. Сонда: «Сен - менің досымсың. Барлық әрекеттерің маған әдемі көрінеді. Кемшілігіңді басқалардан сұра»,- дейді. Біреудің кемшілігін, жаман қылығын көргенде оны өзінен іздеп, өзінде бар болса, одан құтылуға тырысу да жаман мінезден құтылудың шараларына жатады. «Мұсылман – мұсылманның айнасы» хадисінің мағынасы да осы. Яғни, өзгенің айыбы мен кемшілігінен - өзінің кемшілігін көру. Иса алейһиссаламнан біреу: «Бұл көркем мінезді кімнен үйрендің?» деп сұрағанда: «Адамдарға қарадым, ұнамаған мінездерді алмадым, ұнағандарын амалға асырдым»,- дейді. Лұқман Хакимге: «Әдепті кімнен үйрендің?» - деп сұрағанда: «Әдепсіздерден» - деген екен. Сәләф-ус-салихиннің (алғашқы үш ұрпақ мұсылмандар), сахабалардың, әулиелердің «рахметуллаһи та’ала алейһим әжмаин» өмір-баяндарын, бастарынан өткен ғибратты оқиғаларын оқу да жақсы мінез-хұлықты қалыптастыруға себеп болады. (Жалғасы ертең...)