Untitled Document

Өлең... Ақыл бір алтынға ұқсас доп-домалақ

Ақыл бір алтынға ұқсас доп-домалақ,

Өлшеуін адам білмес неше қадақ.

Бас қатып, пәниді ойлап, көңіл тоқтап,

Тартып тұр әрбір іске көңіл салақ.

Көңілді ғазиз ақын тартар төмен,

Желігер жеңілді ойлап, емен-семен.

Адамдай адам болсаң, мағыналы бол,

Мақтанбай құр атаққа пәлен деген!

Нәпсі — жел, көңіл — өзен толқын ұрған.

Ми — патша, ақыл — дария кеңес құрған.

Тауфиқсыз ақыл мақұл болмайды екен,

Ақылды ақымаққа емес құрбан.

Жігіттер, адал қандай, арам қандай?

Пайда тұрсын, басыңа залал қандай?!

Арамдық ақырында ақсатады,

Табанға темір-тікен қадалғандай.

Дос қандай, дұшпан тұрсын, тамыр қандай?

Жазасыз жанға істеген жәбір қандай?

«Аллаға тәуекел» деп көңіл қойып,

Көк құласа, көтерген сабыр қандай?!

Залым тұрсын, молла мен момын қандай?!

Көлді құртып, тоймаған обыр қандай?

Жігіттер, тәубә-тәуфиқ тазартады,

Күн сайын ақ сабынға шомылғандай.

Нарманбет Орманбетұлы