Untitled Document

Сұхбат... Әр нәрседе қайыр бар

Адам баласы қандай да бір болған жағдайдың өзі үшін жақсы әлде жаман екенін біле алмайды. «Жақсы» деп ойлаған нәрсесі өзі үшін «жаман» нәтижемен аяқталуы мүмкін. Сол сияқты «жаман» деп ойлаған нәрсесі өзі үшін «жақсы, қайырлы» болуы әбден мүмкін. Құран кәрімде Бақара сүресінің 216 аятында: «Ұнатпаған нәрселерің сендер үшін игілік, ал ұнатқан нәрселерің жамандық болуы мүмкін. Сендер білмейсіңдер, Аллаһ біледі» делінген.

Иманның алты шартының бірі – тағдырға, жақсылық та, жамандық та Аллаһтан екендігіне сену болып табылады. Басымызға түскен әрбір іс Аллаһтан келгендіктен, мұсылман ретінде бұған разылық көрсетуіміз керек. Өйткені «мүминнің басына келетін әрбір іс - оның қайырына» делінген. Сондықтан «Әр нәрседе қайыр бар», «Қайырлысы осы шығар» деген сияқты сөздерді көп естиміз.

Қиындыққа, қайғылы жағдайға тап болғанда, көп адамдар күйзеліске, стреске түсіп жатады. Күйзеліс болса денсаулыққа, жүйке жүйесіне орасан зор соққы беретіні белгілі. Аурулардың басым бөлігі күйзеліс пен стрестен туындайды. Ал қиындықты «қайырлысы осы» деп қабылдап, өзін Хақ та’алаға тапсыратын болса, күйзеліс азаяды. Міне, Аллаһу та’аланың әрбір ісінде хикметтер, пайдалар, ихсандар бар. Ниғметке, жақсылыққа тап болғанда шүкір ету керек, келеңсіздікке, қиындыққа тап болғанда, сабыр ету керек. «Әр нәрседе қайыр бар» деп қабылдау керек. Келеңсіздіктен күйзеліске түспей шығу керек.