Тарихи тұлға... Нарманбет Орманбетұлы
Нарманбет Орманбетұлы (1860—1918) артына өлмес жыр, ісімен өшпес із қалдырып, заман қаһарына ұшыраған ақындардың бірі. Ақын еңбектерінде қазақ халқын оқуға, білімге үндейді, патша үкіметінің отаршыл-дық, саясатын, қазақ шонжарларының, орыс чиновниктерінің озбырлық істерін әшкерелейді. Дала мектебінен нәр алған, Қарқаралы — Семейде білімін шыңдаған, ұлы Абаймен қатар жүріп, өнегесін үлгі еткен Нарманбет ақынның:
Адамға абырой мен бірлік керек,
Ұят, нысап, намыс пен тірлік керек.
Ғылым, білім, ілгері басуға ойла,
Еңбек қып ерінбестен болып зерек.
Болмайды тағдыр ісін қалай деуге,
Ақ соқпақ адастырмас талай жерге.
Жақсылар, істі түзет, жұртты күзет!
Біріңді-бірін шауып тастай берме... — деген өсиет сөздері бар. «Қарқаралыны билеп тұрған Нареке» деп ерекше қадірлеген ояз: «Нареке, Сіз шешен, тапқыр адамсыз. Мен Сізге төрт сұрақ қояйын. Соны шешіңіз, халқыңа өсиет болсын: Ақсауыт дегеніміз не? Арғымақ дегеніміз не? Ақылды дегеніміз не? Ер жігіт дегеніміз не? - деген екен». Сондағы Нарманбеттің: «Ақсауыт деп айтыңыз – атқан жаудың оғы өтпесе, арғымақ, деп айтыңыз — қашқанда жаудың аты жетпесе, ақылды деп айтыңыз – тозған елдің басын қосып септесе, ер жігіт деп айтыңыз — жолдасын жауға тастап кетпесе», - деген екен. Нарманбет ақын Қарқаралыда сот болып тұрып, 1918 жылы тамыз айында кенеттен қайтыс болған, Қарасуда жерленген. Бұрынғы XXII партсъезд атындағы совхоз қазіргі таңда «Нарманбет ауылы» деп өзгертілді.